15 мамырға дейін Құлсары қаласындағы үйлерді техникалық тексеруді аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі уақытта 3,7 млн текше метрден астам су сорылып, 2 704 үйден су кетті. Аумақтарды дезинфекциялау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 26 әлеуметтік нысан, 1 347 үй өңдеуден өтті. Сондай-ақ, өткен тәулікте 275 тонна қоқыс шығарылды. ОКҚ алаңында өткен брифингте Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев осындай деректерді келтірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрғындардан 2 733 өтініш түскен.
26 сәуірден бастап осы күнге дейін мамандар 867 нысанға техникалық тексеру жүргізді, бұл жұмыстарды 15 мамырға дейін аяқтау жоспарлануда, - деді спикер.
Қоғамдық штаб жұмысын жалғастыруда, онда 14 сәуірден 3 мамырға дейін 3 693 тұрғын қажетті кеңес ала алды.
Сонымен қатар, аймақ өкілі Жайық өзеніндегі жағдай туралы хабардар етті. Индербор кентінде су деңгейі 804 см, ал қауіпті деңгей - 845 см, Махамбет кентінде 818 см, қауіпті деңгей - 850 см, Атырау қаласында 475 см, қауіпті деңгей - 550 см құрайды. Жағалауды нығайту жұмыстары жалғасуда. Қосымша бөгеттер салу және нығайту жұмыстары жүргізілуде.