Қостанай облысында 700 астам полиция қызметкері мен әскерилер су тасқыны салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланның 100 әскери қызметшісі және ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының 120 курсанты апат қаупі төнген аумақтарда тер төгуде.
Облыс орталығында негізгі күштер Тобыл өзенінің маңында орналасқан бау-бақша қоғамдарының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге бағытталған. Сонымен қатар, полиция құтқарушылармен және жергілікті атқарушы органдармен бірге Рудный қаласында, Перцев ауылында, Әулиекөл, Денисов, Қостанай, Қарасу, Қарабалық және Б.Майлин аудандарында адамдарды эвакуациялауда.
Су тасқыны басталғаннан бері өңірде 3000 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тонау фактілерін болдырмау үшін полиция тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырды. Бекеттер қойып, жолдағы жағдайды бақылап отыр.
Қазіргі уақытта топан су облыстың 32 автожолын басып қалды. Салдарынан 2 республикалық, 4 облыстық және 2 жергілікті маңызы бар жолдар жабылды.