Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте елдегі су тасқыны қаупі жоғары өңірлерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, “Қазгидромет” болжамына сәйкес, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қауіп деңгейі жоғары.
Өз басым бұл өңірлерде жағдай күрделі болуы мүмкін деп есептеймін. Себебі мен төрт облысты аралап, 30-дан астам елді мекенді көріп шықтым. Қауіп бар, болжам да соны көрсетіп отыр. Әсіресе Ақмола және Абай облыстарында қауіп жоғары, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар ол дайындық қызу жүріп жатқанын айтты.
Дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазіргі таңда су тасқынына қарсы жоспарлардың 92%-ы орындалды, қалған 8%-ы жүзеге асырылу үстінде, – деді Бозымбаев.
Вице-премьердің мәліметінше, ел бойынша төтенше жағдайларға қарсы 39 мыңға жуық маман, 12 мыңнан астам техника дайын. Сондай-ақ қажетті қорлар, соның ішінде құм салынған қаптар мен басқа да құралдар әзірленген.
Ол су тасқыны қаупіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі – топырақтың ылғалдылығы мен жердің тоңы екенін атап өтті.