Су тасқыны. Қанша қостанайлық біржолғы көмек алды

10 Мамыр 2024, 17:40
431
Бөлісу:
Су тасқыны. Қанша қостанайлық біржолғы көмек алды
Фото: Арман Мухатов - архив

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының осы өңірге жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновке баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкімет су тасқыны зардаптарын жою бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.

Президент қысқа мерзім ішінде су тасқынының салдарын жою және зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек көрсету міндетін қойды. 

Әлеуметтік қолдау аясында 4 097 отбасы жалпы сомасы 1,5 млрд теңге көлемінде біржолғы көмек алды. 

➤ Қостанай облысында зақымданған үйлердің 95%-ы тексерілді, олардың 796-сы жөндеуді қажет етеді және 473-ін қалпына келтіру мүмкін емес. 

➤ Алгоритмге сәйкес, қалпына келтіруге жатпайтын үйлер бойынша жылжымайтын мүлікке келтірілген залалды өтеу баспана сатып алу немесе көппәтерлі және жеке тұрғын үйлер салу арқылы жүзеге асырылады. 

Бүгінде Үкімет резерві мен демеушілік қаражат есебінен Қостанай мен Арқалық қалаларында зардап шеккен тұрғындар үшін 101 пәтер сатып алынды. Сондай-ақ Арқалық қаласында «Базис А» ЖШС-ның қаржыландыруымен 50 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Жангелдин және Амангелді аудандарында «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 68 жеке тұрғын үйдің құрылысы басталды. Қостанай қаласында, Қостанай және Қарасу аудандарында демеушілік қаражат есебінен 36 үй салу жоспарланып отыр. Қалған 218 зардап шеккен отбасыға тұрғын үй сатып алу арқылы шығынды өтеу көзделген. 

Сондай-ақ облыс әкімі 2 020 бас мал шығыны үшін келтірілген залалды өтеуге 855 млн теңгеден астам төлем жасалғаны туралы баяндады. 

Премьер-Министр Олжас Бектенов қысқа мерзім ішінде қалған үйлерді тексеру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Тұрғын үйлерді қалпына келтіру және зардап шеккен тұрғындарды қолдау – Үкімет жұмысының негізгі басымдығы.

Су тасқыны. Қанша қостанайлық біржолғы көмек алды
Өзгелердің жаңалығы