Су тасқыны, өрт, құтқарушылар айлығы: ТЖМ басшысы министрлік жұмысы туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл су тасқыны кезеңі басталғаннан бері республика бойынша 11 елді мекендегі 192 тұрғын үй мен 78 саяжайды су басты. Қазіргі күні келтірілген шығынның көлемі есептеліп жатыр. 

Азаматтық қорғау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар, дәлірек айтқанда, су тасқынымен күрес, одан қанша адам құтқарылғаны, зардап шеккен тұрғындарға қандай көмек көрсетіліп жатқаны туралы редакциямызға Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин айтып берді. 

- ТЖМ 2020 жылы қайта құрылған болатын. Содан бері министрлікте не өзгерді? 

- Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 9 қыркүйектегі №408 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі құрылды.

Министрлікке бірқатар қосымша өкілеттік пен міндет жүктелді. ТЖ салдарын азайту мәселелері мемлекеттік саясаттың негізіне айналды. Азаматтық қорғау саласындағы заңнамалық базаны қайта қарау, заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізу, азаматтық қорғау жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, жекелеген бағыт «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасына енгізілді. 

Бүгінгі күні министрлік ТЖ салдарын жоюдан олардың алдын алуға, сондай-ақ төтенше жағдайларға ден қоюға әзірлікті арттыру жолымен тәуекелдерді азайтуға көшуді жүзеге асырады. 

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, табиғи апаттардың алдын алуға жұмсалған 1 доллар апат салдарынан жоғалуы мүмкін 7 долларды үнемдейді.

Қазақстанның аумағы өзінің географиялық орналасуы, табиғи, тау-кен геологиялық және геодинамикалық жағдайлары әртүрлі. Соның салдарынан еліміздің экономикалық әлеуеті мен көптеген өңірдің инфрақұрылымына орасан зор залал келтіретін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алуан түрі болады. Осыған байланысты министрлік бірқатар жол картасын бекітті, оларды іске асыру төтенше жағдайларға ден қоюға әзірлікті арттыруға мүмкіндік береді.

Азаматтық қорғау қызметтерінің жұмысына пилотсыз ұшу аппараттары мен роботтандырылған жүйелерді енгізіп жатырмыз. Бұл іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, табиғи өрт ошақтарын уақтылы анықтау, тасқын және өрт тұтану қаупі жоғары кезеңдерде мониторинг жүргізу, қауіпті және зиянды факторлар жағдайында барлау мен іздестіру іс-шараларын жүргізу тиімділігін арттырады.

Азаматтық қорғау жүйесін аумақтық-салалық қағидат бойынша ұйымдастыру үшін елдің батыс өңірінде әскери бөлім құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл елеулі өнеркәсіптік әлеуеті әртүрлі табиғи және техногендік апаттардан шоғырланған батыс өңірінің халқын, аумақтары мен экономика объектілерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2,8 млн-нан астам адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар Көкшетау техникалық институтына кәсіби, білікті кадр аппаратын құру мақсатында Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы мәртебесі берілді. Онда азаматтық қорғау саласындағы қызметті дамыту мен жетілдірудің көпбейінді ғылыми-зерттеу орталығы құрылады. Орталық ғылыми жобаларды іске асыру арқылы әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануды қамтамасыз етеді. Бұл республикалық бюджеттен шетелдік университеттерде білім алатын курсанттарға жыл сайын бөлінетін 47 млн теңгені үнемдеуге септігін тигізеді.

- Елімізде құтқарушылардың орташа жалақысы қанша? Төтенше жағдайлар саласындағы қызметкерлердің еңбекақылары жыл сайын көбейе ме?

- Қазіргі уақытта құтқарушының жалақысы орташа есеппен 197 555 теңге. Егер еңбек өтілі бір жылдан асса, онда негізгі жалақыға қосымша ақылар мен үстемеақылар тағы төленеді.

Азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, оның ішінде құтқарушылардың лауазымдық жалақысы 2022 жылдан бастап 2025 жылға дейін орта есеппен 20%-ға көтеріледі.

  • 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,23 (23%) мөлшерінде;
  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,45 (18%) мөлшерінде;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,71 (18%) мөлшерінде;
  • 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2,0 (17%) мөлшерінде.

- Оларға қандай әлеуметтік пакет қарастырылған?

- Өрт сөндірушілер үшін бірқатар жеңілдік қарастырылған. Атап айтар болсам:

- құқық қорғау органдарындағы қызметте шекті жасқа дейін бола алады: майорлар - 48 жас, подполковниктер - 50 жас, полковниктер - 55 жас, жоғары басшы құрамдағы адамдар - 60 жас;

- еңбек сіңірген жылдары және қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін қосымша ақылы демалыстар: 10 жылдан астам еңбек сіңірген адамдарға – 5 күн, 15 жыл – 10 күн, 20 жылдан астам - 15 күн;

- қызметкерлерге шұғыл әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу үшін және басқа да дәлелді себептер бойынша күнтізбелік 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс беріледі;

- олардың еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде жалақы толық көлемде төленеді;

- 3 739 теңге мөлшерінде тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге өтемақы беріледі;- нысанды киіммен және арнайы киім-кешекпен тегін қамтамасыз етіледі;

- қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) қызметкерлер бюджет қаражаты есебінен санаторий-курорттық емделуге жіберіледі;

- қызметкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақаттың салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтыс болған жағдайда асырауындағыларға немесе мұрагерлерге соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді;

- құтқарушы қызметтік міндетін атқару кезінде жарақат алып, мүгедек болып қалса, онда қызметкер құқық қорғау қызметінен босатылған күннен бастап бір жыл өткенге дейін біржолғы өтемақы, I топтағы мүгедекке - 30 айлық ақшалай қаражат, II топтағы мүгедекке - 18 айлық, III топтағы мүгедекке - 6 айлық мөлшерде төленеді;

- қызметкерлер қызметтік міндеттерін атқару кезінде мүгедектікке соқтырмайтын ауыр зақымданған (жарақат алған, жараланған, контузия алған) жағдайда, оларға 1,5 айлық ақшалай қаражат, жеңіл зақымданған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді;

- қызметтен босатылатын қызметкерлерге біржолғы жәрдемақы төленеді: 10 жылдан 15 жылға дейін – 4 айлық ақшалай қаражат, 15 жылдан 20 жылға дейін – 5 айлық ақшалай қаражат, 20 жылдан 25 жылға дейін – 6 айлық қаражат; 25 жылдан 30 жылға дейін – 7 айлық қаражат; 30 жылдан астам – 8 айлық қаражат;

- қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерді жерлеу үшін 3 айлық ақшалай қаражат мөлшерінде, ал зейнеткерлерге 3 айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.

Ал құтқарушыларға жасалатын жеңілдіктер бұдан бөлек. Мысалы:

- қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) адамдар бюджет қаражаты есебінен санаторий-курорттық емделуге жіберіледі; 

- құтқарушы қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан не ол қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақаттың салдарынан бір жыл ішінде қайтыс болған жағдайда, асырауындағыларға соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақысының 10 еселенген жылдық мөлшерінен кем емес мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді;

- ай сайын еңбек сіңірген жылдары үшін жұмыс өтіліне байланысты лауазымдық айлықақысына пайызбен үстеме төленеді, еңбек сіңірген жылдары: 3 жылдан жоғары – 15%, 5 жыл – 20%, 10 жыл – 30%, 15 жыл – 40%, 20 жыл – 50%;

- киіммен және арнайы киім-кешекпен тегін қамтамасыз етіледі;- құтқарушыға қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертігуінің, жарақаттануының, жаралануының, контузия алуының, ауыруының салдарынан мүгедектік белгіленген кезде оған мынадай мөлшерлерде: бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке жалақысының 5 еселенген жылдық мөлшерінде; үшінші топтағы мүгедекке жалақысының 2 еселенген жылдық мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;

- құтқарушы қызметтік міндеттерін атқару кезінде еңбекке қабілеттілігінен тұрақты айырылып мертіккен, жарақаттанған, жараланған, контузия алған, ауырған жағдайда, оған мүгедектік белгіленбей, жалақысының жылдық мөлшерінен кем емес мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді. 

- Жыл сайын елімізде су тасқыны болады. Биыл қай өңірлерді су басты және қанша тұрғын үй мен әлеуметтік маңызы бар ғимараттар су астында қалды? 

- Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері республика бойынша 11 елді мекендегі 192 тұрғын және 78 саяжай, 3 әлеуметтік нысан еріген қар суының астында қалды. Олардың қатарында Батыс Қазақстан облысы (140), Ақтөбе облысы (41), Павлодар облысы (3), Шығыс Қазақстан облысы (6), Қарағанды облысы (2) тұрғын үйлері, Ақтөбе облысының саяжайлары (78) және БҚО (4), Қарағанды облысы (2), Ақтөбе облысы (2), Павлодар облысы (2), ШҚО-да (1) әлеуметтік нысан бар.

- Су тасқынынан өңірлерге қандай шығын келді? Оның көлемі қанша теңге болды? 

- Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар келтірілген шығын көлемін анықтау жұмыстарымен айналысып жатыр. Сонымен бірге Б.Өтемұратов қоры Қазақстанның «Қызыл Жарты Ай» ұйымымен және Forte bank-пен бірлесіп Ақтөбе, Павлодар мен Батыс Қазақстан облыстарында су тасқынының салдарын жоюға жалпы сомасы 110 млн-нан астам теңге бөліп, 224 отбасыға көмек көрсетті. 

Су тасқыны кезеңі басталғалы бері Ақтөбе облысында (Ақтөбе қаласында) және Батыс Қазақстан облысының 4 ауданында (Бөрілі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Жәнібек), сондай-ақ Атырау облысында (Қызылқоға ауданы) қалалар мен аудандар әкімдердің шешімдерімен жергілікті масштабтағы табиғи сипаттағы ТЖ жарияланды. 

- Су тасқынынан қанша адам эвакуацияланды және құтқарылды? 

- Жалпы 1 595 адам (Батыс Қазақстан облысында - 912, Ақтөбе облысында - 520, Павлодар облысында - 10, Қарағанды облысында - 117, Шығыс Қазақстан облысында - 36), оның ішінде 11 адам (БҚО) уақытша эвакуациялау пунктіне орналастырылды, 1 584 адам (Батыс Қазақстан облысы - 901, Ақтөбе облысы - 520, Қарағанды облысы - 117, Павлодар облысы - 10, ШҚО - 36) үйлеріне оралды.

- Елімізде жыл сайын су тасқыны қайталана береді. Жалпы бұл апатты болдырмаудың, оның алдын алудың қандай да бір жолы бар ма? 

- Өзендер, көлдер мен теңіздердің жағасындағы су тасқыны қауіпті табиғи апат. Су тасқыны су жайылу, жаңбыр су тасуы, мұз кептелісі кезінде Қазақстанның барлық өңірінде судың жоғары деңгейге көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ су тасқынына судың жоғарылауы немесе апаттық төгілуі, гидротехникалық құрылыстардың бұзылуы, өзендердің гидрологиялық режимінің өзгеруі себеп болуы мүмкін.

Су тасқыны қаупі бар тізбеге өзендердің су басатын учаскелерінде, еріген судың әсер ету аймақтарында, гидротехникалық құрылыстардан бұзып өту немесе авариялық төгінділер кезінде су басуы мүмкін елді мекендер енгізіледі. 

Су тасқыны қаупі бар елді мекендерді су басудан қорғау үшін мынадай шаралар қабылданады:

- Тасқын және еріген, жаңбыр суын жинау және қауіпсіз өткізу үшін су қоймалары салынады;

- Өзен арналарының түбін тереңдету, жағалауын нығайту және тазалау жүргізіледі;

- Тасқын және еріген суды қабылдауға арналған гидротехникалық құрылыстар жөнделіп, дайындалады;

- Жағадан қорғау бөгеттері мен біліктер, су бұру арналары салынып, жөнделіп жатыр;

- Елді мекендерден алдын ала қар шығарылады, арық және дренаж жүйелері, автомобиль және теміржол астындағы су өткізу құбырлары қоқыс пен мұздан тазартылады;

- Мұз кептелісіне жол бермеу немесе бұзу үшін дер кезінде немесе қажет болған жағдайда өзендердің қауіпті учаскелерінде жарылыс жұмыстары жүргізіледі;- Су тасқыны кезіндегі іс-қимыл жоспарлары алдын ала әзірленеді және бекітіледі, халықты уақытша орналастыру пункттері және малды айдап әкетуге арналған орындар дайындалады, көшірілетін халық үшін инертті материалдардың, қаптардың, жанар-жағармай, тамақ өнімдерінің қоры дайындалады;

- Құтқару бөлімшелері халықты қауіпті жерлерден эвакуациялау үшін дайындалады, су басқан ғимараттар мен құрылыстардан су сору жүзеге асырылады;

- Гидротехникалық құрылыстардың бұзылуы кезінде су басуы мүмкін аймақтарда орналасқан елді мекендерде жергілікті құлақтандыру жүйелері құрылады. 

- Қажет болған жағдайда қауіпті аймақтардан халықты және малдарды эвакуациялау жүргізіледі, эвакуациялау пункттерінде олардың тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдастырылады.

- Биылғы су тасқынымен күрес қалай жүргізілді? Қанша адам, қанша техника жұмыс істеді? 

- Өңірлер аумағында жергілікті атқарушы органдары мен ТЖМ күштері 183,8 мың текше метр еріген қар суын сору жұмыстарын жүргізді. Инертті материалдар салынған 118 055 қап төселді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында 250 текше метр алаңдағы өзендердегі мұз кесу жұмыстары жүргізілді. Су тасқыны кезеңінің салдарын жоюға жалпы 2 125 адам, 687 техника, 171 су сору техникасы және 13 жүзу құралы жұмылдырылды.

- Су тасқыны салдарынан қырылған мал шығыны жайында министрлікте ақпарат бар ма? 

- Су тасқыны кезеңінде Батыс Қазақстан облысының Шалғын, Алмазное, Жақсыбай және Ақшам елді мекендерінде 168 бас мал қырылғаны тіркелді. Оның қатарында 39 ірі қара, 128 ұсақ мал, 1 жылқы бар.

- Өрт қауіпсіздігі мәселесі қашанда маңызды екені белгілі. Десе де жыл сайын күн ысығанда құрғақ шөптің, тұрғын үйлердің өртке орануы жиілейді. Осы ретте өрт қауіпсіздігінің алдын алу үшін министрлік жұмысты бастады ма? Жалпы өртті болдырмау үшін қазақстандықтар арасында қандай жұмыс жүргізіледі?

- Бүгінгі күні министрлік орман алқаптарында тұратын тұрғындармен, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен, шаруа қожалықтарымен 185 жиын, 1 194 нұсқаулық, 81 дөңгелек үстел өткізді, оған жалпы 9 711 адам қатысты.

Табиғатты қорғау және орман мекемелерімен, ерікті өртке қарсы топтармен табиғи өрттерді сөндіру кезінде өзара іс-қимылды пысықтау бойынша бірлескен оқу-жаттығулар өткізіледі.

Сонымен қатар шекара маңындағы және шектес аумақтардағы табиғи өрттерге ден қою кезінде жүргізілетін өзара іс-қимылды жыл сайынғы пысықтау шеңберінде ТЖМ бөлімшелері биыл Ресей ТЖМ бөлімшелерімен 8 тактикалық оқу-жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Онда негізгі тактикалық оймен қатар трансшекаралық өрттерді жою кезінде өрт-құтқару қызметтерінің мемлекеттік шекараны оңай кесіп өту тәртібі іс жүзінде пысықталады.

- 2021 жылы және 2022 жылдың үш айы кезеңі бойынша қанша өрт оқиғасы тіркелді? Өрттің негізгі шығу себептері қандай? 

- Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 42 орман өрті және дала алқаптарының 215 жануы тіркелді. Орман өрті 2021 жылмен салыстырған 25-ке артқан (+68%). Өрттің жалпы ауданы 990 гектардан асты.

Табиғи өрт пен дала тұтануларының негізгі себептері - халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы, от жағу, орылған жерлерді жағу, минералдандырылған жолақтардың болмауы.

- Сонымен қатар қазіргі күні орман және дала өртінің алдын алу үшін қандай шешімдер енгізіліп жатыр? 

- Бүгінгі күні ТЖМ мен ЭГТРМ бірлескен бұйрығымен бекітілген, орталық және жергілікті атқарушы органдармен келісілген ведомствоаралық жоспар қабылданады.

Жоспарға сәйкес жағдай шиеленіскен кезде ірі өрттер аймағына барлығы 39 мыңға жуық адам, 8 мыңнан астам техника, су ағызу құрылғылары бар 10 тікұшақ және 46 өрт сөндіру пойызы жұмылдырады.

Сондай-ақ отпен күресуге арналған жабдықтар, соның ішінде 6 мың аспалы өрт сөндіргіш, 1 318 мотопомпа және 32 мыңнан астам шанцты құрал-сайман бар.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында орманды дала алқаптарында мобильді топтар құрылды.

- Күн жылынып, елімізде жылыту маусымы аяқталды. Дегенмен күннің бір мезетте суып кетуі де әбден мүмкін. Осы ретте жеке тұрғын үйде тұратындар үйлерін жылыту үшін пеш жағады. Енді бұл тұрғындар қандай қауіпсіздік ережелерін сақтауы керек? 

- Пешпен жылытуды пайдалану кезінде жанып жатқан пештерді қараусыз қалдыруға, оларды қадағалауды балаларға тапсыруға, қатты отынмен жанатын пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға, сондай-ақ ақаулары және жарықтары бар пештерді жағуды жүзеге асыруға жол бермеу қажет.

Көбінесе адамдардың көпшілігі қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарын елемей, қайғыға ұшырайды.

- Қазақстандықтарға өздерінің және жақындарының өміріне қауіп төндірмеуі үшін қандай кеңес берер едіңіз? 

- Ең алдымен, сіз тұратын аумақ табиғи және техногендік қауіптердің қандай түрлеріне ұшырайтынын білу керек. Себебі еліміз табиғи төтенше жағдайлардың барлық түріне бейім. Нақты елді мекенге қандай қауіп төніп тұрғаны туралы егжей-тегжейлі ТЖМ аумақтық бөлімшесінен білуге болады. 

Егер сіз сейсмикалық қауіпті аймақта өмір сүрсеңіз, онда адамдар жер сілкінісі қаупі туындаған кезде не істеу керегін, сіздің үйіңіз сейсмикалық төзімді ме, жер сілкінісінің алғашқы соққыларында не істеу керегін білу керек.

- Әңгімеңізге рахмет!

Загрузка...