Республикалық ақпараттық штабта АШМ ресми өкілі Олжас Тлебалдин су тасқынынан қырылған мал шығынын өтеу басталғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Су тасқыны кезінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, АШМ жанындағы “жедел желі” жұмыс істейтінін хабарлаймын. Жедел желі жұмысы 9.00-ден 18.30-ға дейін (7172)573358, 87470943381 нөмірлері бойынша істейді. Сонымен қатар телеграмм-бот pavodki_kz_bot (тәулік бойы жұмыс істейді) іске қосылды, - деді ведомствоның ресми өкілі.
Оның айтуына қарағанда, су тасқыны бойынша жағдай тұрақталған өңірлерде өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне келтірілген залалды өтеу басталды.
Атап айтқанда, Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша залал толығымен өтелді. Қостанай облысында бұл жұмыс басталып, бүгінгі таңда 268 мал басы бойынша төлем жүргізілді, басқа өтінімдер бойынша жұмыс жалғасып жатыр, - деп түсіндірді Олжас Тлебалдин брифингте.