Су тасқыны кезінде коммуналдық меншіктегі 15 бөгет жарылды – әкім

5 Маусым 2024, 15:39
370
Бөлісу:
Су тасқыны кезінде коммуналдық меншіктегі 15 бөгет жарылды – әкім
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысында 15 бөгет пен гидротехникалық құрылысты қалпына келтіру қажет, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстағы су қорғау бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды тексеру үшін жұмыс комиссиясы құрылып, аталған нысандарды түгендеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында осы бағыттағы жұмыстардың талдау қорытындысы талқыланды.

Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов облыста 611,8 миллион текше метр суды сақтайтын 206 гидротехникалық құрылыс бар екенін айтты. Оның 12-сі — республикалық, 174-і — коммуналдық, 22-сі — жеке меншікте.

Елді мекендерде су басу қаупі бар бөгеттер төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі Жол картасына енгізіліп, 2023 жылы 4 бөгетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Алға ауданындағы Көсем, Әйтеке би ауданындағы Тереңсай және Щербаков, Мәртөк ауданындағы Қазан-2 бөгеттері жөнделді.

Биыл көктемгі су тасқыны кезінде коммуналдық меншіктегі 15 бөгет жарылды. Олардың қатарында былтыр жөнделген үш бөгет бар: Щербаков, Тереңсай және Көсем. Келісімшарт бойынша оларға 2 жылдық кепілдік берілген. Жөндеу жұмыстарын жүргізген компаниялар өз қаражатына бөгеттерді қалпына келтіреді. Щербаков бөгетіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қалған 12 қираған бөгетті қалпына келтіру үшін 3 миллиард теңгеден астам қаражат қажет, - деді Сәбит Дүйсекенов.

Қазіргі таңда бөгеттерді қаржыландыру мәселесін Қаржы министрлігі Су шаруашылығы және ирригация министрлігімен бірлесіп қарастырып жатыр.

Бірінші кезекте жөнделу керек жобалар бүгінде аудан әкімдерімен келісілді. Республикалық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінуі қажет. Қалған қаржы жергілікті бюджеттен алынады. Бүгінде қала бойынша екі өзеннің түбін тазарту керек. Барлық мәселе қаржыландыруға байланысты алдағы уақытта шешіледі, - деді облыс әкімі.

Өзгелердің жаңалығы