Су тасқыны: Депутат Атырау облысында ахуал қалай екенін айтты

8 Сәуір 2024, 11:51
279
Бөлісу:
Су тасқыны: Депутат Атырау облысында ахуал қалай екенін айтты
Фото: ТЖМ

Депутаттар су тасқыны болған өңірлерде жүр. Атырау облысы Махамбет ауданында жүрген депутат Әділ Жұбанов жағдайды тікелей эфирде баяндап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Атырау облысы да су тасқынының зардабын тартып отыр. Өңір соның салдарымен күресіп жатыр. Жылыой ауданында судың деңгейі қалыпты. Түсіп жатқаны байқалады. Бірақ қаншалықты тұрақты екенін айта алмаймыз, себебі өзені бар, тауы бар, мұздары енді ғана еріп жатыр, - деді депутат.

Әділ Жұбанов Атырау облысы Жайық өзенінің бойында орналасқанын айтып, аудандар мен елдімекендерде дайындық қызу жүріп жатқанын жеткізді.

Депутат Алмалы ауылдық округінде жүр. Жұбановтың осы аймақта жүргеніне 5 күндей болған. Алмалы ауылы да Жайықтың жағасында орналасқан. Қазіргі күні ауылды қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жайықтың бойында орналасқан ауылдарды толықтай қоршап, суды Жайықтан жайылмаларға шығару керек. Оған қоса Жайықтың бұрынғы сай-салалары бар, соларға су шығарып, қалаға кететін суды азайту қажет. Басты мақсат осы. Махамбет ауданынан деңгейін түсіріп, қаланы айналып өтетін каналдар арқылы теңізге қарай бұру керек. Қазір бүкіл күштер осы бағытта жұмыс істеп жатыр, - деді мәжілісмен.

Оның сөзінше, Индер және Махамбет аудандарында 30 эвакуация пункті дайын тұр.

Мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бар мүмкіндікті жасап жатыр. Мұнда жұмыс өте қарқынды, қызу жүріп жатыр. Гуманитарлық көмек келіп жатыр. Қазақ елім аман болсын. Жер-жерден, жан-жақтан қол ұшын көрсетуде, - деп айтты ол.

Депутат жұмыс жақсы үйлестіріліп жатқанын атап өтті.

Әділ Жұбанов депутаттар өңірдегі басқа ауылдарға да барып, жағдайды бақылайтынын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы