Су тасқыны. Бүлінген үйлердің шығыны қашан белгілі болады?

14 Мамыр 2024, 12:16
324
Бөлісу:
Су тасқыны. Бүлінген үйлердің шығыны қашан белгілі болады?
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқынынан бүлінген үйлердің шығыны келесі аптада белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір зардап шеккен үйлерді және саяжайларды талдау, бағалау жұмысы жалғасып жатыр. Келесі аптада тиісті шығын сомасы белгілі болады, - деді Қанат Бозымбаев.

Су тасқыны жағдайының қорытындысы бойынша елімізде 12 908 тұрғын үй су астында қалды, оның ішінде 3 өңірде (Ақтөбе (144 үй), Атырау (14) және Солтүстік Қазақстан (106) облыстарында 264 үй әлі де су астында. Сондай-ақ 25 921 саяжай учаскесі су астында қалды, онда 18 025 саяжай үйі бар.

Оның дерегінше, бүгінде 20 мың 600 отбасыға 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3692 теңге) көлемінде біржолғы төлем төленген. Қаражаттың жалпы сомасы – 7,5 млрд теңге.

680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362,5 млн теңге сомасында өтемақы алды. 568 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 710 млн теңге сомасында өтемақы алды. Өңірлерде залалды бағалау және оны өтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда, - деді вице-премьер Үкімет отырысында.

Өзгелердің жаңалығы