Су тасқыны кезінде тұрғындарға көмектескен медицина қызметкерлері марапатқа ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Маусымның үшінші жексенбісі - медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл - денсаулық сақтау саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген әр маманның еңбегі еленіп, жетістігі сараланатын күн.
Апта бойы алғысқа бөленген ақ халаттылар үшін облыстық театр ғимаратында мерекелік кеш ұйымдастырылды. Салтанатты шара қонақтарын облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов құттықтады. Ол медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін атап өтіп, өңірдегі денсаулық сақтау саласының дамуына тоқталды. 100-ден аса ақ халатты «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Ақтөбе облыстық ТЖД көктемгі су тасқыны кезінде тұрғындарға көмек көрсеткен дәрігерлер мен мейірбикелерге құрмет көрсетіп, 20-ға жуық адамға алғыс хат табыстады.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.