Су тасқыны: Ақтөбеде 44 отбасы қоныс тойын тойлады

20 Маусым 2024, 18:45
397
Бөлісу:
Су тасқыны: Ақтөбеде 44 отбасы қоныс тойын тойлады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жалғасуда. Бүгін облыс орталығында баспанасы қалпына келтіруге келмейтін 44 отбасы жаңа пәтерлеріне кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімі Асхат Шахаров қордың директоры Марат Айтмағамбетовпен бірге жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады. Өңір басшысы құттықтау сөзінде ынтымақтастық пен ұйымшылдық, ауызбіршілік көрсетіп, шыдамдылық танытқан әрбір ақтөбелікке алғысын жеткізді. Қазіргі таңда ең басым бағыт – су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарының барлығын баспанамен қамтамасыз ету екенін тілге тиек етті.

Су тасқыны: Ақтөбеде 44 отбасы қоныс тойын тойлады

Не себепті біз Ақтөбе қаласының тұрғындары үшін пәтер кілтін табыстауды кешіктірдік? Өйткені, бұл – жаңа пәтерлер. Ішін әрлеп, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Міне, бүгін 44 отбасы жаңа баспаналы болып жатыр. Президент үндеуін жауапсыз қалдырмаған меценаттардың арқасында өңірдегі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға пәтер сатып алынып, үйлердің құрылысы жүргізілуде. Біз бұл жұмыстарды тоқтатпаймыз. Жерлестерімізді қолдау шаралары әлі де жалғаса бермек. Облысымызды табиғи апаттан кейін қалпына келтіруде белсенді көмек пен қолдау көрсеткені үшін Болат Өтемұратов қорына ризашылығымызды білдіреміз, - деп атап өтті Асхат Шахаров.

Су тасқыны: Ақтөбеде 44 отбасы қоныс тойын тойлады

«Алтын Орда» ықшам ауданынан берілген 18 жаңа үй – екі және үш бөлмелі, 60-тан 95 шаршы метрге дейін. Ал қалған 26 пәтер – «Юнис Сити» шағын ауданы және Есет батыр тұрғын алабынан берілді.

Қор аймақ тұрғындарына көмек көрсету үшін Ақтөбе облысының әкімдігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарылғанын алға тартты.

Біздің мақсатымыз – адамдарға қиын сәттерде қолдау көрсету, оларды жайлы баспанамен қамту және табиғи апаттан кейінгі қалыпты өмірге оралу үшін жағдай жасау. Қоныстанушылар өз пәтеріне тезірек кіріп, жақсы өмірге қадам басады деп үміттенеміз, - деді Марат Айтмағамбетов.

Су тасқыны: Ақтөбеде 44 отбасы қоныс тойын тойлады

Оның айтуынша, баспанасыз қалған ақтөбеліктерге жақын арада тағы 56 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, тамыз айында Қобда ауданында тапсырылады деп жоспарланған шамамен 150 үйдің құрылысы қарқынды. Қор 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Ақтөбе аймағындағы 400-ден астам отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отыр.

Айтып өтейік, алдын ала ақпаратқа сәйкес, облыс бойынша барлығы 4087 үй судан зардап шекті, оның ішінде 1003 үй апатты деп танылды, 3084 үй жөнделмек. 486 үй мен пәтер сатып алынады, 517 үй салынып жатыр. Қазіргі уақытта 250 үй мен пәтер сатып алынды.

Өзгелердің жаңалығы