Республика бойынша 1,3 млн м³-тен астам еріген қар суы сорылып, 89 мың қап және 103 мың тонна инертті материал төселген. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде «Су тасқыны кезеңінің өтуі туралы» брифинг барысында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республиканың 9 өңірінде жалпы ауданы 626 мың м²-тен асатын 238 учаскеде жарылыс жұмыстары жүргізілген.
Су тасқыны жағдайын бағалау үшін 16 өңірде 46 әуе бақылау ұшуы жүргізіліп, 332 елді мекен қамтылды. Әуеден бақылау жұмыстары жалғасуда, - деді маман.
Жылқайдаровтың сөзінше, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері автомобиль жолдарында барлығы 52 судың тасуы және 9 жолды су шаю оқиғасы тіркелген. Олардың ішінде 9 судың тасуы және 3 жолды су шаю бақылауда.
Қазіргі уақытта Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бақылауда, - деп атап өтті Жылқайдаров.
Спикер брифинг барысында су тасқыны салдарын жою үшін азаматтық қорғау қызметтерінің 39 мыңнан астам адам, 12 мың техника, 4 мыңнан астам су сорғыш құралдары және 700 жүзу құралдарынан тұратын күштері жоғары дайындықта тұрғанын жеткізді