Су тасқыны. Мәжіліс депутаты зардап шеккендерге үй салып беруді сұрады

6 Мамыр 2020, 13:15
1690
Бөлісу:
Су тасқыны. Мәжіліс депутаты зардап шеккендерге үй салып беруді сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ержан Құдайберген Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынына байланысты Үкімет басшысына сауал жолдады.


Ол су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үй салып беру мен диқандарға егін егуге көмектесу мәселесін көтерді.
Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстан Республикасының аумағында орналасқан Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданының бірқатар елді мекені су астында қалды. Бүгінгі таңда ресми деректер бойынша ауданның 10 елді мекені, 800-ден аса тұрғын үйі, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медициналық нысан су астында қалып, 31 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланды. Қазірдің өзінде көктем кезінде еңбегі жанатын диқан-фермерлердің 7 600-ге жуық гектар аумағындағы дақылды егетін алқаптарын су басты, - деді Ержан Құдайберген. 

Ол осы ретте су тасқынына байланысты құрылған үкіметтік комиссияға ұсынысын айтты.
Су тасқынынан жапа шеккен халыққа барлық қажетті көмек көрсетілетініне сенеміз және өз тарапымыздан қабылданып отырған шараларға ұсыныс айтуды жөн санадық. Осы орайда үкіметтік комиссия су алған тұрғын үйлерге келген залалды бағалауда тек үйдің салынған материалына ғана емес, үйдің текшеметрлік көлемі мен тұрғындар санын негізге алуын сұраймыз. Кейбір тұрғынның өз мүліктерін рәсімдеп үлгермегендері де болады. Сондықтан жерасты суларының жақын орналасқанын ескере отырып, су басқан жерлерді бабына келтіру мақсатында, дренаж жүйелерін қолдануды және қашыртқыларды іске қосу қажет деп санаймыз,- деді депутат.

Оның айтуынша, диқандардың егінді қайта егуді қолдау жолдарын қарастыру, оның ішінде ауылшаруашылық техника, жанармай, жедел қамтамасыз ететін және оларды егістік алқаптарда уақытша паналауға мүмкіншілік жасау керек. 
Сонымен қатар, диқандармен ақылдаса отырып, қысқамерзімді өнім беретін дақылдарды егуге және оған керекті тұқымдарды жеткізіп беруді, кейін алынған өнімді сатылуға байланысты шараларды іске асыру керек. Одан бөлек, қашыртқылардың уақытылы тазаланбағаны салдарынан, қоқысқа толып жарамсыз болғаны және тасыған судың өтуіне кедергі жасау жағдайдың өршуіне әкеп соқты. Осы ретте су құрылымдарының жұмыс қабілетін қамтамасыз ету керек, - деді Ержан Құдайберген.
Айта кетейік, 1 мамырда Өзбекстандағы Сырдария облысында Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Соның салдарынан Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басып, төтенше жағдай орын алды.



Өзгелердің жаңалығы