Су шаруашылығы объектілері ерекше бақылауда – министр

5 Сәуір 2024, 11:00
248
Бөлісу:
Су шаруашылығы объектілері ерекше бақылауда – министр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстан облысы аумағындағы су тасқыны жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Су ресурстары және ирригация министрлігі жедел әрекет ету мақсатында Росгидрометпен Ресей Федерациясының аумағында су тасқынының қалыптасуы туралы тәулік сайын гидрологиялық мәлімет алмасады. Орынбор және Саратов облыстарының су қызметтерімен тұрақты ақпарат алмасу жүргізілуде.

Нұржан Нұржігітов бірқатар өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару бойынша, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында мамандандырылған коммуналдық ұйымдар жоқ екенін атап өтті. Осыны ескере отырып, Ақмола, Ақтөбе, СҚО, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарының әкімдіктері үш ай мерзімде коммуналдық меншіктегі гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және басқару жөніндегі мамандандырылған ұйым құруы керек.

Министр жергілікті атқарушы органдар су қоймаларының жай-күйін айқындауға мүмкіндік беретін гидротехникалық құрылыстарға көп факторлы тексеру жүргізуге қаржы бөлу жөнінде іс-шаралар қабылдауы қажет екенін де атап өтті.

Бүгінгі таңда негізгі күш өзендердің ағынын реттеу және тасқын суларды өткізу үшін барлық гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық су шаруашылығы объектілерінде жедел шаралар қабылдау мақсатында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, су шаруашылығы жағдайына сағат сайын мониторинг жүргізіледі. Су шаруашылығы объектілері бойынша жағдай ерекше бақылауда, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Өзгелердің жаңалығы