Су ресурстарының азаюы мен әлеуметтік теңсіздікке қатысты мәселе бар - Мәулен Әшімбаев

23 Маусым 2023, 11:45
951
Бөлісу:
Су ресурстарының азаюы мен әлеуметтік теңсіздікке қатысты мәселе бар - Мәулен Әшімбаев
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның төрағасы ретінде өткізген комиссияның алғашқы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңізге белгілі, осы аптада Парламент палаталарының бірлескен отырысында Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. Комиссияға төрағалық ету міндеті маған жүктелді. Бүгін біз осы Комиссияның алғашқы отырысына жиналып отырмыз. Жалпы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Орнықты даму мақсаттарын 2015 жылы бекітті. Қабылданған барлық 17 мақсат бір-бірімен тікелей байланысты, - деп атап өтті Сенат төрағасы.

Айтуынша, олар жекелеген елдер мен әлемнің өзекті проблемаларын шешуге арналған.

Осы құжатты орындауды әлемнің 200-ге жуық елі өзіне міндеттеме етіп алды. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Соған байланысты осы 7-8 жылдың ішінде елімізде көптеген жұмыс атқарылды. Алайда осы аралықта бүкіл әлемге зардабы тиген қиындықтар болғаны белгілі. Бұл ретте, ең алдымен, еске пандемия түседі. Одан кейін де түрлі жаһандық шиеленістер толастамай отыр, - деді ол.

Мұның бәрі орнықты даму мақсаттарының орындалу қарқыны мен сапасына кері әсерін тигізуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша бүгінде әлем елдерінің жартысынан көбі аталған мақсаттарға қол жеткізе алмай келеді.

Қазақстанның жағдайына келетін болсақ, 2023 жылғы Әлемдік прогресс рейтингінде еліміз 166 мемлекеттің ішінде 66-шы орынға тұрақтады. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен жақсы болғанымен, соңғы жылдарда төмендеу тіркеліп отырғанын айтуымыз керек. Атап айтқанда, су ресурстарының азаюына және әлеуметтік теңсіздікке қатысты маңызды түйткілдер бар, - деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы