Мамандардың айтуынша, елімізде коммуналдық шаруашылық пен өнеркәсіпте суды үнемдеу бір ізділікке түспеген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Профессор Клим Аширяев климаттың өзгеруі бойынша Дүниежүзілік форумның қорытынды баспасөз мәслихатында су ресурстарын басқару мәселесін көтерді.
Қазақстанда су ресурстарын қалай басқару керектігін білмейді. Бұл туралы халықаралық сарапшылар да айтып кеткен. Біз ауыл шаруашылығында бір тонна өнімге суды алдыңғы қатарлы елдерге қарағанда 8-10 есе көп жұмсаймыз. Коммуналдық шаруашылық пен өнеркәсіпте біз шетелге қарағанда 2-3 есе артық пайдаланамыз. Яғни, тиімсіз пайдаланамыз. Коммуналдық шаруашылық пен өнеркәсіпте суды үнемдеу бір ізділікке түспеген. Бұл қазір ең өзекті мәселе. Су есептегіштерді Жапониядағыдай қонақ үйлер мен көптеген орындарда орнату керек. Сонда адамдар қаншама суды жұмсап жатқанын көріп, соған қаржы төлегенде үнемдеуді үйренеді. Сондай-ақ суды 2-3 қайталап қолдану технологиясын пайдалану қажет. Елде судың бағасы қымбаттап жатыр, меніңше бұл суды үнемдеуге орасан зор пайдасын тигізеді, - деді Клим Аширяев.