Су ішкің келсе төрт мың теңге төле

16 Тамыз 2022, 11:45
1050
Бөлісу:
Су ішкің келсе төрт мың теңге төле
Фото: автордан

Қостанай ауданына қарасты Мичурин ауылдық округі Алтынсарин ауылының тұрғындары үшін жыл басы жағымды жаңалықпен басталған еді. Бірақ ауыл тұрғындарының сол қуанышы ұзаққа созылмады, деп хабарлады Қостанайдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Қостанай қаласының іргесінде орналасқан Алтынсарин ауылының тұрғындарының баспаналарына былтырғы жылдың желтоқсан айының соңында көптен күткен ауыз су тартылғанда, қуаныштан бөркін аспанға атқан халықтың бақытты сәтін көзбен көрген едік. Себебі бұл елді мекен тұрғындары бұған дейін шамасы келгенше үйлерінің жанынан құдық қазып, сол жердегі тіршілік нәрін тұтынып келді. Бірақ соңғы жылдардағы қуаңшылықтан құдықтардағы су құрғап, құр шұңқырға айналып ел сан соғып қалған болатын. Осыны ескерген аудан басшылығы бұл ауылға жаңадан ауыз су желісін салып беріп, халықтың батасын алғанына жарты жыл ғана өтіпті. 

Енді сол басшылар "алмақтың да салмағы бар" деген қағидамен жұмыс істейтіннің кебін киіп отыр. Нақтырақ айтсақ, осы жаздан бастап Қостанай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің «Затобольская ТЭК» МКК директоры Фамил Құрбановтың ауылға бірнеше рет келіп таратқан ақпаратынан соң ауыл тұрғындарынан ұйқы қашты десе де болады. Онда тараған ақпаратқа сүйенсек, енді ауыл тұрғындары тұтынған әрбір текше метр су үшін төрт мың теңге төлеу керектігі ескертіліпті. Ауыз судың бір сәтте бағасы аспандап «алтын суға» айналып кеткені ауыл тұрғындарының жаппай наразылыған тудырды. Осы жағдайдың нүктесін қою үшін жергілікті мектептің мәжіліс залында ауыл тұрғындары мен суға жауапты мамандардың басын бірктірген алқалы жиын болып, мәселе жан-жақты талқыланды.

Жиында сөз бастаған Алтынсарин ауылының тұрғыны Ермек Жұбанышев ауылда болып жатқан мәселені былай түсіндіріп берді.

Су ішкің келсе төрт мың теңге төле

Біздің ауылдың әрбір үйіне шілденің 26-сы күні коммуналдық қызмет саласының мамандары келіп, су есептегіштердің көрсеткіштерін жазып алып кетті. Бесінші тамыз күні ауылдық округ әкімінің халықпен кездесуі болды. Бұл жиында Затобол отын-энергетикалық кешенінің директоры қатысты. Ол осы жиында тұрғындар әр пайдаланған бір текше суы үшін 4 мың теңге төлеуі керектігін мәлімдеді. Бізге 26 шілдеден бастап осы тариф бойынша төлейтінімізді, кейін шығындарымыз субсидияланатынын алға тартты. Бірақ бұл субсидияның қашан болатынын білмейміз. Қазір әрбір үй айына 10 текше метр су тұтынады, бұл қазірдің өзінде 40 000 теңге деген сөз. Бізге тіпті ескерту де болмады. Жергілікті халық оқитын баспасөз құралдарында бағаның  өсіп кеткені жайында жазбады. Жұртшылықпен бұл жөнінде тыңдаулар өткізген жоқ. Олардың Instagram әлеуметтік желісіне жазғанын біз қайдан білеміз? Тұрғындардың бәрі осы әлеуметтік желіде отырмайды. Егер көңілге қонымды, халықтың қалтасы көтеретін баға болса біз төлеуге дайынбыз. Мен 26 шілдеден алынған  есептегіштердің көрсеткіштерін жоюды талап етемін. 15 тамыздан бастап аудан жұртшылығы төлеп отырған тарифті бізге де қойсын, – дейді ауыл тұрғыны Ермек Жұбанышев.

«Затобольская ТЭК» МКК директоры Фамил Құрбановтың пікіріне сүйенсек, бұл бағаны монополияға қарсы комитет бекітіпті. Олардың бағасы бойынша ауыз судың 1 текше метріне 3972 теңге. Бұл тариф бюджеттен субсидиялар түскен кезге дейін уақытша баға болып отыр. Демеу қаржы түскен соң ауыл тұрғындары әр текше суға 30 теңгеден төлеп, қалған соманы мемлекет өтейді деп сендірді.

Су ішкің келсе төрт мың теңге төле

Біз ауыл тұрғындарымен бірнеше рет кездестік. Тұрғындарға біздің қызметкерлер есептегіштің көрсеткішін алатынын түсіндірдік. Тарифті енгізу үшін алдымен бізде қанша абонент бар, суды кім қалай пайдаланады соны білу керек болды. Артынан мен сіздермен жүздесіп жаңа тарифтің бағасын түсіндірдім. Ақпарат халық көп оқитын әлеуметтік  парақшалар арқылы таратылды,-  дейді «Затобольская ТЭК» МКК директоры Фамил Құрбанов.

Жиынға арнайы қатысқан Қостанай аудандық мәслихатына «Ақ жол» партиясынан сайланған депутаты Әлия Жүнісова екі жақты халыққа оңтайлы болатын ортақ пікірге келуіне шақырды.

Су ішкің келсе төрт мың теңге төле

Екі жақты тыңдап, тариф бекітілгеннен бері бәрі заңды екенін түсіндім. Біреу дұрыс түсінбеген шығар, біреу келіспейтін болуы мүмкін. Бірақ мен бұл істің халыққа тиімді жағында шешілетініне сенімдімін. Коммуналдық мекемеге айтарым, сіздер жазып алған есептегіш көрсеткіштерін тықпалап, халықтың қалтасын қағудың қажеті жоқ. Есептегіштегі көрсеткіштер субсидиялар берілген сәттен бастап есептелінсе, - деді депутат Әлия Киікбайқызы.

Осы арада Қостанай ауданы Мичурин ауылдық округінің әкімі Балтабек Жұмағалиев жиынды төмендегідей түйіндеді.

Су ішкің келсе төрт мың теңге төле

Әлия Жүнісова депутаттық сауал жолдасын. Біз ұсынысты қарастырып, шешімін жариялаймыз. Сіздер бәрібір су есептегіштердің көрсеткішін жіберулеріңіз қажет. Кез келген жағдайда субсидия болады. Онсыз бүкіл елді мекенді сусыз қалдыра алмаймыз. Бұл тіптен қылмыстық іс болып саналады, - деді ауыл әкімі  Балтабек Жұмағалиев.

Өзгелердің жаңалығы