Иран билігі АҚШ-пен соғысты реттеу үдерісін бастауға арналған бірлескен меморандумға жексенбі, 14 маусым күні қол қоюдан бас тартты.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп құжатқа дәл осы күні қол қойылуы мүмкін екенін айтқан болатын. 14 маусымда Трамп 80 жасқа толады. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи мәлімдеді.
Өзара түсіністік туралы меморандумға нақты қай күні қол қойылатынына қатысты әзірге күте тұрған жөн. Бұл ертең болмайтыны анық, алайда келісім алдағы бірнеше күнде жасалуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз. Дегенмен қарсы тараптың ұстанымы тұрақсыз болғандықтан, бұл үдеріске қатысты кез келген мәлімдемеде сақтық танытуымыз қажет, – деп келтіреді Бағаидың сөзін Иранның Tasnim агенттігі.
Дипломаттың айтуынша, құжат әскери қақтығыстарды тоқтатуға негіз болуы тиіс. Ал Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі бұл кезеңде талқыланбайды.
Сол күні Ислам революциясы сақшылар корпусының бақылауындағы Fars агенттігі Иран келіссөз жүргізушілері АҚШ-тың «ақпараттық және салтанатты сипаттағы қадамдарына» жол бермеуі мүмкін екенін хабарлады. Яғни меморандумға Трамптың туған күніне орай қол қою нұсқасы қолдау таппауы ықтимал.
Агенттікке пікір білдірген ирандық келіссөз тобына жақын дереккөздің айтуынша, билік құжатқа қол қою жөнінде түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Қазір ұсыныстардың саяси, құқықтық және техникалық қырлары жан-жақты қарастырылып жатыр.