Төтенше жағдай жарияланған аудандар мен қалалардағы субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан қазақстандықтардың жалақысы өзгеріссіз қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ Еңбекминінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдай жарияланған аудандар мен қалалардағы субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан қазақстандықтардың жалақысы өзгеріссіз қалады. Ал жастарға жеңілдетілген микрокредит беру бағдарламасы бойынша қарыз алып, қазір су тасқынынан зардап шеккендерге осы микрокредиттер бойынша төлемдері кейінге қалдырылады. Субсидияланатын жұмыс орындарын жұмыссыз азаматтарды еңбек мобильділігі орталықтарымен жасалған шарттар негізінде уақытша жұмыспен қамту үшін жұмыс берушілер құрады, - делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі кезде жұмыссыздардың білім деңгейі мен жасына қарай субсидияланатын жұмыс орындарының 6 түрі іске асырылуда: қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары.
Төтенше жағдай кезеңінде субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыз адамдардың жалақысын еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілерден мәліметтер талап етпей төлейтін болады.
Сонымен бірге, жастарға жеңілдетілген микрокредит беру бағдарламасы бойынша қарыз алған, ал қазір су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға микрокредиттер бойынша төлемдер кейінге қалдырылады, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары қаралады. 2024 жылғы кестелер бойынша барлық төлемдер 2025 жылдан бастап қаржыландыру мерзімінің соңына дейін кейінгі төлемдерге біркелкі үлестермен бөлінетін болады.
Бұған дейін хабарланғандай, елдегі су тасқыны жағдайына байланысты жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдерді қабылдаудың бірінші легінің мерзімдері кейінге шегерілді. Өтінімдерді қабылдаудың басталуы туралы халыққа қосымша хабарланады. Биыл республика бойынша 9000 грант беру жоспарлануда.
Нормативтік құқықтық актілерге енгізілген тиісті түзетулермен төмендегі сілтеме бойынша танысуға болады https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15009752.