Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Су азайып барады: Үкімет өңірлерге суды үнемдеу туралы талап қойды

Бүгiн, 10:33
173
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында су тапшылығы қатты байқалуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, үш өңірде де су аз кезеңнің жалғасып жатқаны расталды.

Шардара су қоймасына су келуі 43 %-ға төмендеді. Нарын-Сырдария каскадындағы ірі су қоймалардағы су көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кем. 2026 жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1-2 млрд текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады, – деп атап өтті вице-премьер.

Сондай-ақ ол Жамбыл облысында су қоймалардың толымдылығы бар болғаны 41%-ды құрайды деп отыр. Аталған өңірдегі Киров және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын жобалық деңгейге дейін толмау қаупі бар екенін жасырмады.

Бірқатар облыстарда 2025 жылы ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту жөніндегі жоспарлы көрсеткіштер орындалмағанын атап өтемін. Дегенмен, суды үнемдеу бойынша оң динамика сақталуда: су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаң 543,5 мың гектардан асты, жыл сайынғы өсім шамамен 150 мың гектарды құрайды. Мемлекеттік қолдау айтарлықтай күшейтілді, 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте 228,1 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 214,6 млрд теңге – инвестициялық субсидиялар, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Вице-премьердің мәлімдеуінше, көшпелі кеңестер қорытындысы бойынша бірқатар шешім қабылданған.

Үкімет су тапшылығына байланысты жаңа вегетациялық маусымға дайындықты жеделдетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары және ирригация министрлігімен және облыстармен бірлесіп, екі апта ішінде су пайдалану лимиттерін айқындап, дақыл орналастыру жоспарын бекітеді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі 2026 жылғы 1 ақпанға дейін өңірлер бойынша су келуінің ең төмен болжамына сүйенген нақтыланған лимиттерді ұсынуы тиіс. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы 1 наурызға дейін ылғалсүйгіш дақылдардың құрылымын осы лимиттерге сәйкестендіреді.

Облыстар аграршыларға ылғалсүйгіш дақылдарды қысқарту қажеттігін түсіндіріп, суға аз талап қоятын дақылдарға көшуге шақырады. Сонымен бірге, инновациялық ылғал ұстайтын препараттарды сынау үшін әр өңірде кемі 100 гектар жер бөлініп, қаржы жергілікті бюджеттен қарастырылады.

"Қазсушар" ылғалсүйгіш дақылдарға су жеткізуді тек бекітілген лимит аясында рәсімдейді.

Сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрлігіне 2026 жылғы 1 ақпанға дейін құқық қорғау органдарымен бірге судың «қара нарығын» жою жоспарын Үкімет Аппаратына енгізу тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы