АҚШ-та студенттік шара кезінде атыс болып, белгілі консервативті саясаткер Чарли Кирк оққа ұшты. Полиция күдіктіні іздестіріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ-тағы Юта аңғары университетінде өткен шара кезінде танымал консервативті белсенді Чарли Киркке қастандық жасалды. Белгісіз адам студенттік жиында сахнада сөз сөйлеп тұрған 31 жастағы Киркті мойын тұсынан атып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Чарли Кирк – жас кезінде Turning Point USA атты ұйымды құрып, АҚШ кампустарында консервативті идеяларды насихаттап жүрген саясаткер әрі қоғам қайраткері болатын.
Оқиға кезінде 3 мыңнан астам адам жиналған алаңда қауіпсіздікті небәрі алты полиция қызметкері мен жеке күзет қамтамасыз еткен. Студенттер атыс басталған сәтте жан-жаққа қаша жөнелген.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, атыс жасаған қылмыскерді іздестіру жұмыстары күшейтілген. Университет аумағы толықтай қоршауға алынып, тәртіп сақшылары күдіктіні табу үшін арнайы жасақ пен тікұшақтарды жұмылдырды. Тергеушілер оқ атқан адамның қара киім кигенін және жақын маңдағы ғимараттың шатырынан оқ атқан болуы мүмкін екенін хабарлады.

Әзірге шабуылға қатысы бар деп ұсталған екі адам тергеуден кейін босатылды. Тергеу мәліметінше, шабуыл қасақана жасалған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Киркті "патриот" деп атап, оның қазасын "Американың қаралы сәті" деп бағалады. Юта штатының губернаторы Спенсер Кокс бұл оқиғаны "саяси өлтіру" деп сипаттап, қылмыскер өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін айтты.

Қастандық АҚШ-та ғана емес, әлемдік деңгейде де резонанс тудырып, бірқатар ел басшылары Кирктің өліміне байланысты көңіл айтты.
Еске сала кетейік, АҚШ-тың Юта штатында оққа ұшқан саясаттанушы Чарли Кирктің ауруханада көз жұмғаны жайлы жаздық.