Алматыда “BUSINESS COLLABORATION FORUM 2023” бизнес-форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Форумға Республиканың 51 оқу орнының мектеп оқушылары мен студенттері, кәсіпкерлер қатысып жатыр. Бизнес-форум барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жастар өздерінің бизнес-жобаларын ұсынды.
1995 жылдан бастап Қазақстанда ENACTUS жобасы дарынды жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың өзіндік идеяларын енгізіп, бизнес-жобаларды жүзеге асыруда.Алматы - студенттер қаласы. Шаһарда 35 ЖОО орналасқан. Онда 200 мыңға жуық студент білім алып келеді. Өткен жылы Алматы қаласының әкімдігімен 2025 жылға дейінгі қаланың даму бағдарламасы бекітілді. Оның ішінде қала жастарына білім беру, жұмыспен қамту, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелеріне аса мән берілді. Қысқа мерзімді курс оқып, жұмыс табуға мүмкіндік беретін JasAlmaty.kz порталы іске қосылды. Сәуір айында жас кәсіпкерлер клубы құрылды, - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Ал ENACTUS Kazakhstan ұйымының Президенті Альбина Ержанова еліміздің “ENACTUS WORLD CUP 2024” студенттік кәсіпкерліктің әлем кубогын өткізу құқығын алғаш рет жеңіп алғанын атап өтті.
2024 жылы әлемнің үздік университеттері мен үздік командалары Астана қаласында әлем кубогын сарапқа салады. Бұл жарысқа қазақстандық студенттер арасында оқу жылының соңында өтетін ENACTUS Kazakhstan сайысының жеңімпазы жолдама алады.
Сондай-ақ, форум аясында ENACTUS Kazakhstan EXPO - инновациялық, экологиялық, әлеуметтік, digital және бизнес жобалар көрмесі ұйымдастырылды.
Бүгінгі көрмеде біз 2 жобамызды ұсынып отырмыз. Оның бірі - GIGE. Бұл балалардың қаржылай сауаттылығын көтеруге арналған карта ойындары. Мұндай карталардың 8 түрі бар, барлығы - 120 дана. Бағасы - 6700 теңге. Карта, дизайн мен логотипті өзіміз жасадық. Қазірдің өзінше сатып алушыларымыз баршылық деуге болады, - деді қарағандылық колледж командасының өкілі Дильяра.