Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенттері Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп студенттердің сабаққа қатысуын бақылайтын қосымша ойлап тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Студенттер оқу орнының кіреберісіне қойылған QR-кодтарды пайдаланып, сабаққа келгендерін растайтын болады. Ол серверге автоматты түрде жазылады. Қосымша сабаққа қатысуды есепке алу және бақылаудың тиімді жолы.
«QR-код арқылы студенттердің сабаққа келуін бақылау оқу орны үшін ыңғайлы, білім алушылардың да жауапкершілігін арттырады. Әр студент келген бойда QR-кодты телефон арқылы сканерлейді. Оның қай уақытта келгені автоматты түрде базаға енгізіледі. Үйде отырып сурет арқылы сканерлеу мүмкін емес. Сондықтан сессия кезінде әр студенттің үлгерімі мен сабаққа қатысуы анық көрінеді. Бұл студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға жасалған қадамның бірі»,- дейді Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің педагогі, жоба жетекшісі Бақтияр Сатқұлов.
Жоба қазіргі таңда толықтай дайын, пайдалану үшін оқу жылының басында жаңа білімгерлердің мәлеметтерін деректер қорына енгізу қажет. Студенттер әзірлеген QR-код Талдықорған жоғары политехникалық колледжіне орнатылды.
Алда облыстың барлық колледж, жоғарғы оқу орындарына ұсынылатын болады. Жаңа бақылау жүйесін жүзеге асырған екі студент пен жетекшісі білім алушылардың сабаққа қатысу сапасы айтарлықтай артады деген сенімде.