Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің студенті Амантай Айымбек Грэм Кларк атындағы шәкіртақыны жеңіп алды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кохлеар компаниясы бекіткен марапат есту қабілеті бұзылған жастарға жоғары білім алып, өмірде өз жолын табуға көмектеседі.
Стипендияны тағайындау байқауына әлемнің кез келген елінде тұратын Кохлеар Нуклеус маркалы имплантын пайдаланушылар қатыса алады. Бұл сыйақыны алғаш рет Қазақстан азаматы иеленіп отыр.
Байқау туралы интернеттен білдім. Бағымды сынап көрейін деп шештім. Әкеммен ақылдастым. Екеуіміз Қазақстандағы өкілге қоңырау шалып, әңгімелестік. Содан кейін қажетті материалдарды дайындадық. Сауалнаманы толтыру, ағылшын тілінде эссе жазу қажет болды. Мамыр айында барлығын поштамен Австрияға жібердім. Қазан айының соңында мен Шығыс Еуропа тобында жеңімпаз атандым. Алматыда компания өкілдігінде Сертификат берілді. Олардың өздері таң қалды. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бұрыңғы Кеңес Одағының кеңістігінде алғашқы оқиға екенін айтты, - дейді ҚЭУ үшінші курс студенті, болашақ эколог Амантай Айымбек.
Үміткер оқитын ЖОО-да аккредитацияның болуы міндетті шарт болып табылады.
Амантай Баянауылдағы мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды университетіне оқуға түскен. Есту қабілетінің бұзылуы балалық шақтағы аурудан кейін пайда болды. Жас жігіт ағылшын және түрік тілдерін меңгерген. Бокс, баскетбол, джиу-джитсу секілді спорт түрлерімен шұғылданады.
Университет маған өте ұнайды. Мұнда студенттер үшін жақсы жағдай жасалған. Мен эколог мамандығын таңдадым, себебі планетаны құтқаруға өз үлесімді қосқым келеді. Болашақта халықаралық экологиялық жобаларды әзірлеуге қатыса аламын деп үміттенемін. "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде оқуымды жалғастыруға тырысамын, - деп жоспарларымен бөлісті стипендиат.
Стипендия аккредиттелген университетте бакалавр дәрежесінндегі университеттік оқытудың кемінде үш жылын қаржыландыруды қарастырады. Аталмыш шәкіртақыны ұтып алуға мектеп оқушылары да, мектеп бітіруші түлектер де үміттене алады.