Степногорсктегі апат: тергеу жұмыстары басталды

10 Ақпан 2024, 20:25
909
Бөлісу:
Степногорсктегі апат: тергеу жұмыстары басталды

Бүгін Степногорск қаласындағы жылу электр орталығында апат болып, салдарынан тұрғындар жылусыз және жарықсыз қалған еді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, кейін электр қуаты қалпына келтірілген. Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің өкілдері тергеу жұмыстары басталғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ЖЭО ақпаратына сәйкес, 10 ақпанда сағат 13:27-де 220кВ KEGOC желісі бойынша электр энергиясы үзілді. 14:07-де электр энергиясын беру қалпына келтірілді. 14:15-те 5-ші энергетикалық қазандық пен су жылыту қазандығын жағу басталды. 14:20-да жылу трассасында айналымды қалпына келтіру үшін желілік сорғы іске қосылды. "Степногорск Теплотранзит" ЖШС сорғыларды іске қосады, – делінген Степногорск әкімдігі ресми Instagram парақшасында. 

Қала әкімдігі тұрғындарды сабыр сақтауға әрі ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды. Жайтқа байланысты Энергетика министрлігі пікір білдірді. 

"KEGOC" АҚ электр беру желісінің тоқтап қалуына байланысты Степногорск ЖЭО жылу энергиясын өндіруді азайтқан болатын, ЖЭО-да техникалық ақау жоқ. Қазіргі таңда жылу электр орталығына электр қуатын беру қалпына келтіріліп, жылу желісіндегі температураны арттыру жұмыстары басталды. Тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету бойынша ақау болмас үшін желілік су айналымы ұйымдастырылған. Бұл дерек бойынша Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті тексеру жұмыстарын бастады, – делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы