Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустың шарықтау шегі мерзімінде стационарларда бір уақытта 3 мыңнан астам адам болды, қазір шамамен 380 адам ем-дом қабылдауда. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов "Астана" телеарнасында өткен тікелей эфир барысында айтты.
Медициналық инфрақұрылымға келетін болсақ, санитарлық дәрігерлердің болжамдары мен халықаралық тәжірибеге сәйкес, күзде, жіті респираторлы вирустық инфекция (ЖРВИ) маусымында ерекше сақ болу керек. Себебі ЖРВИ маусымы COVID-19-бен қоса келмеуі керек. Бірақ бұл қоғамның әрбір мүшесінің әрекетіне байланысты, - деді әкім.
Ол ЖРВИ маусымында дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтар тапшылығының алдын алу үшін жүргізіліп жатқан сатып алулар жайына да тоқталды.
Қазір біз денсаулық сақтау нысандарын дайындап жатырмыз, 500-ден астам оттегі концентратын, дәл осындай көлемде ылғалды оттегі беруге мүмкіндік беретін фулометр жабдығын сатып алдық. Пациенттердің сауығып шығуына байланысты стационарлар санын азайтудамыз. Қосымша медициналық төсек-орындар сатып алынуда. Мұның бәрі біздің дәрігерлер мен барлық медициналық инфрақұрылымдар, егер кенеттен індет ошағы пайда болатындай жағдай орнаса, ЖРВИ маусымына дайын болуы керек дегенді білдіреді. Бірақ біз бұған жол бермеуіміз керек. Карантиндік шаралар вирустың таралу динамикасын едәуір төмендетуге мүмкіндік берді және стационарлардағы пациенттер саны 10 есе азайды, - деп атап өтті Көлгінов.
Әкімнің мәлімдеуінше, коронавирустың шарықтау шегі мерзімінде стационарларда бір уақытта 4 мыңнан астам адам болды, қазір шамамен 380 адам ем-дом қабылдауда. Шамамен, 10 есеге төмендеген.
Пневмониямен ауыратын науқастардың саны 12 есе азайды. Мұның бәрі қабылданған шаралар мен дәрігерлердің еңбегінің арқасында. Жедел жәрдем станциясына шақырулар саны 3 есеге қысқарды, - деп түйіндеді ол.