2027 жылы Қазақстанның спутниктік байланыс нарығына тағы екі жаңа оператор – Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO шығады деп күтілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, 2026 жылғы 1 қазанда екі спутниктік оператор – OneWeb пен Starlink лицензия алған. Ал келесі жылы нарыққа тағы екі компанияның келуі жоспарланып отыр.
Келесі жылы Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компанияларының Қазақстан нарығына шығуын күтіп отырмыз. Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда төрт оператордың да жерүсті станциялары орналасатын алғашқы ел болады. Бұл ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді, – деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар Қазақстанда Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп, смартфондардың спутникке тікелей қосылуына мүмкіндік беретін Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды.
Бұл технология спутник арқылы смартфонға тікелей қосылып, елдің кез келген нүктесінде хабарлама жіберуге және интернетке базалық деңгейде қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді министр.
Қазіргі уақытта Direct-to-Cell технологиясын Android операциялық жүйесімен жұмыс істейтін құрылғылар қолдайды. Енді оны iOS пайдаланушыларына да қолжетімді ету бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.