Шығыс Қазақстан облысы орталығының тұрғыны үш ай бойы бұрынғы бірге тұрған әйелін заңсыз аңдып, телефон соғып, балағаттау мен қоқан-лоқы көрсетілген хабарламалар жіберген, сондай-ақ оның мүлкіне – автокөлігіне зақым келтірген.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, айыпталушының әрекеттері сталкинг және мүлікті жоюмен қорқыту ретінде сараланды. Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы оның екі эпизод бойынша да кінәсін толық дәлелдеді.
Соттың заңды күшіне енген үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115 және 115-1-баптары бойынша кінәлі деп танылып, 160 сағаттық қоғамдық жұмыстарға, яғни аумақты абаттандыру және тазалау жұмыстарына сотталды, - деп хабарлады ШҚО прокуратурасы.
Прокуратура органдары жеке тиіспеушілікке қол сұғушылық және осыған ұқсас құқыққа қарсы әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығы туралы ескертеді.
Бұған дейін Ақтөбеде сталкингты махаббатпен шатастырған тұрғын жауапқа тартылып жатқаны хабарланды. Ер адам бұрынғы танысының мазасын қашырған.
Тағы оқи отырыңыз: Ұрып-соғу мен сталкинг: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы не білу керек?