Солтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдарында 120 нысан тексеріліп, 1250-ге жуық сынама алынды. Оның әр төртіншісі нормативті-техникалық құжаттаманың талаптарына сай болмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл орталық мамандары республикалық маңызы бар жолдарда 29 нысанды іріктеп алып, ол жерден 378 рет сынама алған.
Нәтижесінде 51-і нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмеген.
Сондай-ақ жөнделген жолдың сапасына қатысты 362 ескерту жасалған, бүгінде оның 321-сы жойылды.
Мәселен А-16 «Петропавл-Жезқазған» республикалық автожолының 785-810 шақырымында орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Бұл жерден асфальтбетон сынамасы алынды. Тексеріс барысында жұмысты жүргізу технологиясын өрескел бұзу фактісі, іріктелген жол-құрылыс материалдарының сәйкессіздігі анықталды. Мұндай олқылықтар облыстық, аудандық маңыздағы жолдарда да, елді мекен ішіндегі көше жолдарында да кездеседі, - дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚО филиалы директоры Жолдыбай Тентеков.
Облыстық автожолдар бойынша жұмыстар мен материалдардың сапасын тексеру үшін 19 нысан таңдап алынып, 443 сынама жасалды.
Оның 100-і нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмеген.
Яғни негізгі көрсеткіштер бойынша – суға қанығу, тығыздылығы, құрамы, қысымға төтеп бергіштігі сәйкесіздік бар.
Осыған орай 95 ескерту жасалса, соның тек екеуі бойынша ғана тиісті жұмыстар атқарылды.
Аудандық автожолдарға қатысты 26 нысаннан 196 сынама алынды. Оның 65-і тиісті талаптарға сай болмай шықты.
Елді мекен көшелері бойынша 46 нысан таңдап алынып, 227 сынама жасалды. Мұнда да сәйкессіздіктер бар.
Тексеріс қорытындысы бойынша 29 ескерту жасалса, соның жетеуі бойынша олқылықтың орны толтырылды.