СҚО полицейлері бірқатар интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады

10 Маусым 2024, 20:10
309
Бөлісу:
СҚО полицейлері бірқатар интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады
VIDEO
Фото: Polisia.kz

СҚО полицейлері бірқатар интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады. Көліктен шыққан сәтте күдікті өзінің иығындағы шағын сөмкесі жерге түсіп кеткенін көріп, ішіндегі телефонын аяқтарымен басып сындырмақ болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Сәуір айында Петропавл қаласының 53 жастағы тұрғыны алаяқтық туралы арызбен полицияға жүгінді. Өткен жылдың қараша айында оның жанына бейтаныс ер адам келіп, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатқан сияқты кейіп танытып, түрлі сипаттағы сұрақтар қоя бастаған.

Жәбірленушінің сеніміне кіріп, тергеу барысында қажет дегенді сылтау етіп, оның телефонына келіп түскен sms хабарламадағы құпия кодты айтуға көндірген. Кейін анықталғандай, ер адамның атына бір миллион теңгеден астам сомаға несие ресімделген.

Едәуір уақыт өткенімен, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері Петропавл қаласының полиция басқармасындағы Cyberpol тобының жедел уәкілдерімен бірлесіп, күдіктіні тез арада анықтады. Ол Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Оны қолға түсіру үшін жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері жұмылдырылды.

Көліктен шыққан сәтте күдікті өзінің иығындағы шағын сөмкесі жерге түсіп кеткенін көріп, ішіндегі телефонын аяқтарымен басып сындырмақ болды. Бірақ арнайы жасақ қызметкерлері оның бұл әрекетінің іске асуына жол бермеді.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Ақпараттық жүйені қолданушының сеніміне кіре отырып, оны алдау арқылы жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ тағы бір жәбірленушінің аты-жөні белгілі болды. Күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Өзгелердің жаңалығы