СҚО-ны газдандырудың екі жолы қарастырылып жатыр: Щучинскідегі оқиғадан кейін мәселе қайта көтерілді 

Щучинск қаласындағы қайғылы жарылыстан кейін өңірді газдандыру мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Қарастырылып отырған бағыттардың бірі – Ресей аумағы арқылы өтетін жаңа газ құбыры.

 ©BAQ.KZ архиві/Сырым Рахимбеков Бүгiн 2026, 12:07
Бүгiн 2026, 12:07
121
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Сырым Рахимбеков

Қазақстанда Солтүстік Қазақстан облысын газдандырудың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Сенат кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Щучинск қаласындағы қайғылы жарылыстан кейін өңірді газдандыру мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Осыған байланысты журналистер газ тарту мерзімі мен нақты жоспарлар туралы сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, қарастырылып отырған бағыттардың бірі – Ресей аумағы арқылы өтетін жаңа газ құбыры.

Болжамды жобалардың бірі – Ресей Федерациясының Ишим қаласынан Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары арқылы Астанаға дейін газ тарту. Бұл мәселе бірінші вице-премьердің Ресейге сапары кезінде талқыланды. Бірақ әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, пікір айтуға ерте, – деді Санжар Жаркешов.

Сонымен қатар балама ретінде қолданыстағы инфрақұрылымды кеңейту нұсқасы да қарастырылып жатыр.

QazaqGaz ұлттық компаниясы мен Энергетика министрлігі “Сарыарқа” газ құбырының екінші және үшінші кезеңдерін жалғастыру мәселесін талқылап жатыр. Бұл да ықтимал бағыттардың бірі, – деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, қазіргі таңда нақты шешім қабылданбаған, барлық ұсыныс талқылау кезеңінде.

Әртүрлі нұсқа бар. Шартты түрде айтсақ, жоспар А және жоспар Б. Бірі – “Сарыарқа” арқылы жалғастыру, екіншісі – Ресейден жаңа газ құбырын тарту. Бірақ бәрі әзірге талқылау сатысында, – деп нақтылады Жаркешов.

Сонымен қатар ол Ақмола облысындағы газ баллондары мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, өңірдің бірқатар қалалары әлі толық газдандырылмағандықтан, тұрғындар баллон пайдалануға мәжбүр.

Иә, қайғылы оқиға болды. Ақмола облысы қарқынды дамып жатыр. Қазір өңірде, әсіресе Астана маңындағы агломерацияда газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ Көкшетау мен Щучинскке газ толық жеткен жоқ, сондықтан тұрғындар газ баллондарын қолданады, – деді вице-министр.

Ол газ баллондарының қауіпсіздігіне қатысты талаптардың қатаң сақталуы тиіс екенін атап өтті.

Бұл – ашық нарық. Бірақ техникалық талаптар Төтенше жағдайлар министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің нормаларына сай болуы керек. Жекеменшік мердігерлер арасында заңбұзушылықтар болуы мүмкін, сондықтан бақылау мен тексеру күшейтілуі тиіс, – деп түйіндеді Санжар Жаркешов.

Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан  жеті адам қаза тапты. 

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.

26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.

Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.

Кейіннен қаза тапқандар саны тоғыз адамға жетті. Одан кейін қайтыс болғандар 11 адам болды. 

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Щучинск қаласындағы кафеде болған жарылыстан тоғыз адамның қаза табуына байланысты оқиғаға дейін нысанды тексеруге тиіс болған инспекторлардың жауапкершілігі туралы айтты.

Наверх