Биыл облыстағы ауыл мектептеріне 38 жаңа автобус сатып алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Сапар барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданының мектептеріне 8 автобустың кілтін табыс етті. Балаларды тасымалдау мақсатында мектеп көліктерін жаңарту жалғасады.
Ауданда ауылшаруашылық жобалары жүзеге асуда. Сүт фермасы кеңейтіліп, асыл тұқымды қой шаруашылығы дамуда, тамшылатып суару әдісімен картоп өсірілуде. Шағын кәсіпкерлік дамып келеді. Гранттар арқылы шағын өндірістер ашылуда. Аудан диқандарымен алдағы егін жинау науқанының мәселелері талқыланды.
Биыл Тайынша ауданы су тасқынынан зардап шеккені белгілі. Қазіргі уақытта жол инфрақұрылымы қалпына келтірілуде. Заречное ауылына апаратын Чаглинка өзені арқылы өтетін көпір жөнделуде, бұл су тасқыны кезінде ауылға қатынауға мүмкіндік береді. Ясная Поляна-Тихоокеанское-Шұңқыркөл жолының қираған учаскесі де қалпына келтірілуде.
Өңір басшысы Тайынша ауданының тұрғындарымен кездесті, ашық диалог түрінде нәтижелі кездесу өтіп, өзекті мәселелер талқыланды.
Ауданның 5 ауылында су тарату желілері, 21 ауылда су тазартатын кешенді блоктық модульдер орнатылуда. 3 мектепте күрделі жөндеу аяқталып, Драгомировкада жаңа мектеп ашылады. Кезекте тұрғандар үшін 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Аудан орталығында ауылішілік жолдар мен тротуарларға асфальт төселуде. Елді мекендерді абаттандыру жүргізілуде.