Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда табиғи монополияларды реттеу агенттігі қаланы жылумен қамтып отырған компанияны сотқа берді, деп хабарлайды Хабар 24.
Монополистер соңғы жылдары тұтынушыларға жылу тасымалына кеткен шығынды өтеуді міндеттеген. Біздің арна тілшілері де бұл мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Естеріңізге сала кетейік, орталықтандырылған жүйеге қосылған жер үйлердің иелеріне таратылған түбіртекте «жылу шығыны» деген бағана пайда болып, оларға заңсыз қосымша ақы қосылған. Тіпті кейбіріне 50 мың теңгеге дейін есепшот келген. Мұндай төлем жасауға қарсылық білдіргендер тиісті ограндарға шағымданды.
Біздің мамандар ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берді. Яғни жылу компаниясы мұндай есептеуді тоқтатуы керек. Бұл заңсыздық және 2020-2021 жылдардағы төлемдерді қайта есептеуді талап етіп отырмыз. Ал артық ақша тұтынушыларға қайтарылып берілуі керек, - дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Айхын Жиенқұлов.