СҚО-да қоюлатылған сүт цехі және ет өңдеу кешені іске қосылады

Бөлісу:
СҚО-да қоюлатылған сүт цехі және ет өңдеу кешені іске қосылады
Фото: gov.kz

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов "Eurasian Milk" сүт зауытына барып, онда өндірісті жаңғырту қарқынды жүріп жатқанын көрді. Кәсіпорын ірімшік, сары май және қышқыл сүт өнімдерін шығаруды жолға қойған. Жақында қоюлатылған сүт өндіретін жаңа желі іске қосылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.

200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 50 миллион долларды құрайды, ал болашақта бұл сома 70 миллион долларға дейін ұлғаяды.

Кәсіпорында заманауи еуропалық қондырғы орнатылған. Қазір зауыт тәулігіне 150 тонна сүт өңдейді, ал биыл өндірістік қуаты екі есе өсіп, тәулігіне 300 тоннаға жетпек. Жылына 45 мың тонна дайын өнім шығару жоспарлануда.

Бұдан бөлек, жақын арада Петропавлда толық циклді ет өңдеу кешені іске қосылады, онда 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұрынғы ет комбинаты ұзақ уақыт бойы тоқтап тұрған еді,"Proviant" серіктестігінің инвестициясы мен жаңғыртуының арқасында кәсіпорынға жаңа өмір берілді.

Жоба жабдықтарды толық жаңартуды, заманауи ет өңдеу технологияларын енгізуді және сапалы шұжық өнімдерін шығаруды қарастырады. Кәсіпорында өзіндік сою цехы болады, сондай-ақ қалдықсыз өндіріс жолға қойылмақ.

Өзгелердің жаңалығы