Қазақстанның соңғы жаңалықтары

СҚО-да мектеп автобустарындағы қауіпсіздік кемшіліктері әшкереленді

Бүгiн, 10:35
112
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары мектеп автобустарын пайдаланғандағы бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Прокуратура органдары кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде.

Талдау аясында Жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау ережелерін (бұдан әрі - Ереже), сондай-ақ мектеп автобустарын пайдалану кезінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері анықталды. Осылайша, М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов аудандарының оқу орындарында мектеп автобустарын «Балаларды тасымалдау» сары жыпылықтайтын шамдармен және міндетті сәйкестендіру белгілерімен жабдықтау бойынша тиісті шаралар қабылданбады. Ғ.Мүсірепов ауданы Шөптікөл ауылындағы мектеп автобусында қауіпсіздік белдіктері ақаулы жағдайда болған, бұл жол қауіпсіздігінің міндетті талаптарына сай келмейді. Сол ауданда Бірлік, Салқынкөл, Тахтаброд және Калиновка мектептерінің мектеп автобустарында дабыл түймелері жұмыс істемей тұрған, – делінген СҚО прокуратурасы мәліметінде.

Бұл ретте Шал ақын және Ғ.Мүсірепов аудандарындағы мектеп автобустарында пайдалану мерзімі өтіп кеткен өрт сөндіргіштер пайдаланылған, білім беру ұйымдарының жүргізушілері Ереже талаптарын бұза отырып, борттық журналдар жүргізбеген.

Петропавл қаласында оқу орындарының жекелеген жүргізушілері жолға шығар алдында міндетті медициналық тексеруден өтпей, оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар, оның ішінде мектеп директорлары заңда белгіленген жауапкершілікке тартылып, анықталған бұзушылықтар жойылып, көліктер белгіленген талаптарға сәйкестендірілді. Қабылданған шаралар 457 кәмелетке толмағанның құқықтарын қорғауды қамтамасыз етті, – делінген прокуратура мәліметінде.

Қадағалау органы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты жалғастыруда.

Өзгелердің жаңалығы