2026 жылы Солтүстік Қазақстан облысына «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 174 квота бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 64 квотаға артық. Бағдарлама іске асырылған төрт жыл ішінде өңірде 334 сәби өмірге келді, оның 32-сі – егіз, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекеттік квота алған ерлі-зайыптылар экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жүргізілетін медициналық орталықты өз таңдауы бойынша анықтай алады. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, арнайы құрылған аймақтық комиссия өтініштерді қарау барысында шалғай ауылдардан келген әйелдерге басымдық береді.
Облыстық перинаталдық орталықта қажетті медициналық құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етілген. Мұнда тәжірибелі репродуктологтар, акушер-гинекологтар және генетик дәрігерлер тұрақты түрде қабылдау жүргізеді.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 174 квота бөлінді. Қазіргі уақытта құжаттар қабылданып, тізім жасақталып жатыр. Аудандық ауруханаларға сұрау салынды. Комиссияның алғашқы отырысы келесі аптаға жоспарланған, - деді репродуктолог Виктор Проценко.