Қызылжар ауданында дәрігерлік амбулаториялар мен көпқабатты үй салынып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ СҚО әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар ауданында инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді.
Прибрежное және Якорь ауылдарының тұрғындары үшін дәрігерлік амбулаториялар салынуда.
Жаңа нысанда дәрігер және стоматология кабинеттері, зертхана, күндізгі стационар және емдеу бөлмесі болады.
Сондай-ақ өңір басшысы Соколов топтық су құбырының 2-кезеңін іске асыру жұмыстарымен танысты.
Жоба 14 ауылдың, соның ішінде Новокаменка мен Архангелка тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Күрделі жөндеуден кейін аудандық мәдениет үйі де жаңғырды.
Мекеменің қасбеті, көрермендер залы мен балалар кітапханасы жаңартылды.
Сонымен қатар СҚО әкімі кезекте тұрған азаматтар үшін салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысын бақылап, құс фабрикаларын аралады.