"СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков ұйымда өткен брифингте биыл шілде айында тайлық медициналық қолғаптарды қымбат бағамен сатып алу мәселесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоғары аудиторлық палата таратқан ақпаратқа сәйкес, «СҚ-Фармация» арқылы 63 миллион жұп медициналық қолғап 8,1 млрд теңгеге өткізілген. Сонымен қатар бұл көлем мен сипаттамалар Таиландтан әкелінген қолғаптар партиясымен сәйкес келетіні анықталған. Аудиторлар өнімнің шығу тегі ауыстырылған болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Сондай-ақ қолғаптардың нарықтағыдан жоғары бағамен сатылғаны айтылды.
Біздің мамандар қолғаптарды қымбат бағамен сатып алған жоқ. Шекті баға деген ұғым бар. Бұл қолғаптар сол шекті бағадан төмен бағамен алынған. Сонымен бірге қазір Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз сатып алатын медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектердің бағасы нарықтағы, яғни дәріханалар мен көтерме саудадағы бағадан жоғары болмауы үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. Биыл бұл жұмыс атқарылды. Әрине, бізге қолғаптарды жеткізген компания тарапынан да түсініктемелер берілді. Біз бұл мәселені назарға алып, қазір ұзақ мерзімді келісімшарттар аясында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз: мониторинг жасалады, сатып алу бағалары өзара салыстырылып отыр, – деді компания басшысы.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Ал компанияның заңгерлері бірыңғай дистрибьютор тарапынан барлық әрекет қолданыстағы заңнама аясында, заңды түрде жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Қазіргі кезде ешкім жазаланған жоқ және ешкім тергеуде емес екені де айтылды.