Премьер-министр Олжас Бектенов балалар спортын дамыту керектігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республикалық деңгейдегі жарыстар, түрлі турнирлер талантты спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы жоғары жетістіктер спортына қатысты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте спорт түрлерін таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Аталған мәселенің шешімі спорт федерацияларының қызметін, олардың халықаралық, республикалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеуге тиіс, - деді ол.
Олжас Бектенов балалар спорты да назардан тыс қалмауын ескертті.
Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек, - деді ол.