Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Спортшыларға "Алла қаласа" деп айтуға бола ма?

Әсел ӘБІЛБЕК
10 Шілде 2025, 12:36
4368
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы бұйрығымен еліміздің Спорттық этикасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл талаптар спортшыларға, жаттықтырушыларға, төрешілерге және жалпы спорт мамандарына қатысты жаңа тәртіп пен жауапкершілікті жүктейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Енді күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 19 шілдеде қолданысқа енгізіледі.

Дінге қатысты шектеу

Жаңа өзгерістерге сәйкес, спортшылар енді діни наным-сенімдерді ашық насихаттай алмайды, сондай-ақ өзгелерді діни бірлестіктердің жұмысына немесе миссионерлік әрекетке тартуға қатаң тыйым салынады.

Спорт вице-министрі Серік Жарасбаев теріс діни ағым ұстанатын спортшылар тексерілетінін мәлімдеген еді. Енді аталған өзгерістер бойынша спортшылар діни наным-сенімдерді ашық насихаттай алмайды. Вице-министр спортшылар арасында түсіндіру жұмысы жүргізілетінін айтты. Бұл іс барысында теологтармен байланыс жүргізіліп жатыр екен.

Профилактикалық, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мен айтқандай, жол картасына да теологтарды тартып жатырмыз. Егер сыртқы бет-әлпетінде өзгеріс болса, қысқа балақты киім кисе, радикалды көзқарас ұстанса, онда бұл ақпаратты қауіпсіздік комитетіне жеткіземіз - деді министрдің орынбасары.

Спорт журналисі Аслан Қаженов бұл өзгерісті орынды деп есептейді.

Діни-нанымдарды ашық насихаттауға тыйым салынады деген тетік бар. Бұл да өте өзекті. Себебі соңғы кезде дін мәселесі спортта жиі көтеріліп жүр. Содан кейін ол спортта кедергі. Дінді таңдай ма, спортты таңдай ма екі ортада жүрген атлеттер бар. Бұйрықпен шектеу қойғаны дұрыс. Әркімнің өз жеке шаруасы. Оны ашық насихаттауға болмайды. Оның үстіне БАҚ тарапынан, қоғамың оларға назары үлкен. Жақында Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов спортшылар "Алла қаласа" деп айтпауы керек деді. Әр федерация өз деңгейінде жұмыс істесе дұрыс болады. Дін мәселесі өте өзекті, нәзік тақырып. Салынған тыйым біраз нәрсені реттеуі керек, - деді ол.

Әнұранды жатқа білу

Этикалық талаптардың маңызды тұстарының бірі – Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын білу және орындау кезіндегі тәртіп.

Спорт журналисі Аслан Қаженов аталған өзгерістердің ішіндегі ең маңызды тұсын атап өтті. Оның айтуынша, әнұран шырқалған кезде сөзін жатқа білмейтін спортшылар бар.

Спорттық этикаға енгізілген өзгерістердің ішінде соңғы кезде өте өзекті болып жүрген мәселелер қамтылған. Әсіресе ел намысын қорғайтын спортшылар әнұранды жатқа білуі керек және оны орындау кезінде этикалық нормаларды сақтауға міндетті деген тетігі маңызды. Өйткені соңғы кезде әнұранымыз шырқалғанда аузын жыбырлатпайтын, қолын жүрегіне қоюуға ерінетін, қымсынатын жағдайлар бар, көріп жүрміз. Өзіміз сынап,әлеуметтік желілерде көтеріп жүрміз. Министрдің бұйрығымен міндеттегені дұрыс деп ойлаймын. Бұл Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет. Одан кейін келімсек спортшылар бар. ҚР азаматтығын алып жатыр. Қанша сыналса да, президент тапсырма берсе де көк паспортты алып, Қазақстан атынан жарыстарда өнер көрсететін өзге елдің спортшылары артып жатыр. Соларға да бұл норманы орындау керек. Яғни әнұранды жатқа айтуы тиіс. Осу пункт өзіме ұнады, - деді Аслан Қаженов.

БАҚ-пен жұмыс

Жаңа талаптарда БАҚ жұмысына құрметпен қарау да міндеттелген. Спорт мамандары енді журналистерге сұхбат беруден жалтармауы тиіс.

Аслан Қаженовтің айтуынша, , бапкерлер, спортшылар, федерация басшылары БАҚ өкілдеріне ашық болу керек. Жұмыстарына кедергі жасамай, керісінше байланыс орнатуы тиіс.

БАҚ жұмысына құрметпен қарау деген тармақшасы бар. Ол да өзекті. Жақында Астанада өткен әлемдік аламанда әріптестеріміз кедергіге тап болып, ақпарат тарата алмады. Мәселе әлеуметтік желілерде көтерілді. Бұл бірінші және соңғы жағдай емес. Бұған дейін де болған. Спортшылар сұхбат бермей қашқан кездерде болды. Бапкерлер мен спортшылардан гөрі федерация басшылары, басшылық қызметтегі адамдар шектеулер қойып, құрметсіздік танытатын. Енді бұйрыққа сәйкес ақпараттық ашықтығы қолжетімді болады. БАҚ деген қоғам мен халықпен байланыс. Сол жерде көпір қалыптасады. Ол да саланың дамыуына үлес қосады деп ойлаймын, - деді ол.

Енді спортшылар мен спорт мамандары мына талаптарды орындауы тиіс:

  • Мас күйде қоғамдық орындарда болмау;
    (алкоголь, есірткі немесе уытты заттардың әсерімен)
  • Адамгершілік пен моральдық құндылықтарға сай болу;
  • Адал ойын принципін сақтау;
  • Ұлттық құрамаларға, қарсыластарға, жанкүйерлерге және ұйымдастырушыларға құрмет көрсету;
  • Өзге спортшылар мен еріктілердің ар-намысын, құқықтарын құрметтеу;
  • Саяси ұрандардан бас тарту;
    (әсіресе спорттық іс-шаралар мен марапаттау рәсімдерінде)
  • Дау-жанжалдан аулақ болу, спорт беделіне нұқсан келтірмеу;
  • Қазақстан және басқа елдердің Мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау;
  • Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын білу және орындау кезінде этикалық нормаларды сақтау;
  • Төреші шешіміне құрметпен қарау, жария түрде дау тудырмау;
  • Спорттық марапаттарды қадірлеу (кубок, медаль, диплом);
  • Марапаттау рәсіміне міндетті түрде қатысу;
  • Ресми фототүсірілім мен БАҚ өкілдерімен жұмыс барысында ұлттық құрама немесе клуб киімін кию;
  • БАҚ өкілдеріне құрмет көрсету;
  • Өзге спортшыларға үлгі бола білу;
  • Жарыс ережелерін қатаң сақтау;

Тыйым салынған әрекеттер:

Жаңа этикада мынадай әрекеттерге қатаң тыйым салынады:

  • Оқу-жаттығу процесіне қатысты ақпаратты жариялау;
  • Бейәдеп сөздер мен ым-ишара қолдану;
  • Жарысқа немесе жаттығуға кедергі келтіру;
  • Еліміздің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасау;
  • Жарыс алдында, кезінде немесе кейін қандай да бір адамға қоқан-лоқы көрсету (ауызша, жазбаша немесе ишара арқылы);
  • Діни наным-сенімдерді ашық насихаттау,
    өзгелерді діни бірлестіктерге тарту немесе миссионерлік әрекетке мәжбүрлеу;

 

Өзгелердің жаңалығы