Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор есебінен жалақы алатын спортшыларлың шекті жалақысы қанша болатынын айтты.
Оның айтынша, кәсіби спорт клубтарын ұстауға бөлінетін қаражатын қайта бағдарлау мәселесі бойынша бірыңғай тәсілдер әзірленді.
Бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор есебінен 2 млн теңгеден аспайтын мөлшерде спортшының жалақысының рұқсат етілген ең жоғары мөлшері анықталды. Кәсіби ойын спорт клубтарын ұстауға мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан бөлінетін қаражатының шекті сомасы: футбол мен шайбалы хоккей үшін 1,2 млрд теңгеден артық емес, қалған ойын түрлері үшін 450 млн теңгеден артық емес, - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ министр спорт клубтарын қаржыландыруға бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін атап өтті.
Бүгінгі күні қолданыстағы 98 спорт клубын қаржыландырудың жалпы мөлшері 55,5 млрд теңгені құрады. Қабылданған шаралар нәтижесінде 18,1 млрд теңге үнемделдіп, олардың 24,4% инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, 27,5% мемлекеттік спорттық тапсырысқа және 48,1% спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге бөлінді, - деді Райымқұлова.