Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін қазақ спорт журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Қалың қазақ дауысын жазбай танитын халқымыздың дара перзенті, замандасымыз Амангелді Сейтхан көш-керуенге ілесіп, келместің кемесіне мініп арамыздан кете барды, деп жазды Мəдениет жəне спорт министр Ақтоты Райымқұлова.
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан танымал спорт журналисі, тележүргізуші, сарапшы, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Амангелді Муатқанұлы Сейтханның мезгілсіз қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Амангелді ініміз тəуелсіздік алған тұстан бері қажырлы еңбегімен, тума дарынымен еліміздің спорт журналистикасын жандандыруға айрықша үлес қосып келе жатқан өз ісінің шынайы майталманы еді. 1998 жылы Францияда өткен футболдан əлем чемпионатынан бастап талай дүбірлі доданы ана тілімізде телекөрерменге жеткізген комментатордың адами қасиет-келбеті бəрімізге үлгі, – деді министр.
Сондай-ақ бүгінде «Аман аға», деп бой түзеген сыралғы журналистің қалың шəкірттер шоғыры ақпарат айдынында тынбай еңбек етіп келе жатқаны да жеткізді.
Амангелді Муатқанұлының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы жібектей жұмсақ болсын, – деп жазды министр Ақтоты Райымқұлова.
Айта кетейік, бүгін белгілі спорт коментаторы, журналист Амангелді Сейітхан 52 жасына қараған шағында өмірден өтті.