Премьер-министр Олжас Бектенов спорт саласана қатысты біршама мәселелерді айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Азия ойындары ең ірі спорттық шаралардың бірі және спортшыларымыздың Қысқы Олимпиадаға дайындық деңгейін тексеруге арналған жақсы мүмкіндік.
Байрақты бәсекені небәрі бір жылдан кейін Миланда өтетін қысқы Олимпиада қарсаңындағы ең басты жарыс алаңы деуге болады. Сондықтан Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, алдағы Олимпиадаға да сапалы дайындық жүргізу қажет. Еліміздің климаттық жағдайы қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы. Қажетті инфрақұрылым да бар. Қазақстанда қысқы Азия ойындары, Кубок кезеңдері мен әлем чемпионаттары сияқты халықаралық жарыстар сәтті өткізілді. Мұның барлығы халықтың қысқы спорт түрлерімен айналысуға деген қызығушылығын арттыра түседі, - деді ол.
Спорттық жарыстар туризм саласына да оң әсер ететінін тілге тиек етті.
Біздегі шаңғы трассалары туристерге толы. Сондықтан спорттық инфрақұрылым нысандарын дәріптеу жұмысын жандандыра түсу қажет. Мысалы, былтыр Шымбұлақ бөктеріне келген шаңғышылардың саны 1,5 миллионнан асып кетті. Шаңғы теуіп, таза ауамен тыныстап қайтушылардың қатары оның тәуліктік қуатынан әлдеқайда көп болып отыр. Сондықтан курортты одан әрі дамытып, Алматымен қатар Алматы облысында, Шығыс Қазақстан өңірінде және басқа да аймақтарда жаңадан тау шаңғысы трассаларын жасау қажет. Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктер инвесторларды тартып, спорт инфрақұрылымын салу үшін қолайлы жағдайлар жасауы керек, - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, жыл өткен сайын мемлекет тарапынан спортты қаржыландыру көлемі артып келеді. Республика бойынша 5 жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынды. Жеке инвесторлар есебінен 92 жоба іске асырылды.
Дей тұрғанмен, спортшыларымыздың нәтижесі төмендеп кетті. Мұның негізгі себептері оларды жүйелі дайындау жұмыстарының болмауында. Жаттықтырушы құрамның жетіспеушілігі және тиімді дайындық әдістерінің жоқтығы да нәтижелерге теріс әсер етті. Спортшыларды балалар секцияларынан бастап олимпиадалық құрама командаларға дейін тәрбиелеудің нақты жүйесі жоқ.Сонымен қатар спорт түрлері бойынша өңірлер арасындағы бәсекелестік төмен, - деді Премьер-министр.