Созақтың қос Жанеркесі

7 Наурыз 2020, 15:48
4076
Бөлісу:
Созақтың қос Жанеркесі
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жанерке Жұматова Түркістан облысы, Созақ аудандық полиция бөлімінде уақытша ұстау изоляторының полицейі. Шалғай елді мекенде бес жылдан бері адал қызмет етіп келе жатқан полиция аға сержанты құқық қорғау саласына бала кезден қызыққан.

Әсіресе форма киген қыз-келіншектерді көрген кезде-ақ "полиция боламын" деп таңдау жасап қойдым деп еске алады ол.

d4ac1252-0e92-4b55-b54a-2fc1575cf3c5 (1).jpg

Шолаққорған ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектепті бітіргеннен кейін 2009 жылы Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, 2013 жылы тәмамдадым. Құқық саласына келу жолым өте қызық. Созақ АПБ-не жұмыссыз болып тіркеліп, іс-тәжірибеден өттім. Осылайша 2015 жылдан бастап ресми түрде қыркүйек айында бұйрық шыққан соң, алдымен Созақ АПБ ақпараттық тадау тобының техника лауазымына тағайындалдым. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды, өте қызықты. Өз таңдауым болғандықтан да, осында туған жерімде қалып, еңбек етіп жатырмын, - дейді Жанерке Әленқызы.

Жалпы, Жанеркенің құқық саласына келуіне бұрынғының тілімен айтқанда әскери комиссариатта «военком» болып істеген көкесі ықпал еткен. Бір қызығы, шалғай аудан болса да қылмыс пен ұсақ бұзақылықтар жиі тіркеледі екен.

Қанша дегенмен, ауылдық жер ғой. Жергілікті тұрғындар көбіне мал шаруашылығымен айналысатындықтан, мұнда мал ұрлығы көп тіркеледі. Сіз ойлап қалмаңыз, шет аудан болғанға азғантай ғана ауыл екен деп. Мұнда аудан халқының саны 62 мыңға жетеді. 36 елді мекен, 2 ауылдық мекен бар. Созақ жері киелі мекен ғой. Осындай қасиетті жердің тыныштығы мен тәртібін сақтауға атсалысып келе жатқаныма өз басым өте қатты қуанамын, - дейді аға сержант. 

Сонымен қатар, Жанеркенің қасында өзімен аттас Жанерке Шуланбаева да Созақ ауданы Шолаққорған селосындағы полиция бөлімшесінде қатардағы аға тергеуші лауазымы бойынша тәжірибеден өтіп жатыр. Жанерке Жәнібекқызы да Созақ ауданы Таукент қалашығының тумасы. 2016 жылы Қарағанды академиясына оқуға түскен, биыл маусым айында аталған білім академиясының түлегі атанбақ.

жанерке шуланбаева.jpg

11 сыныпта оқып жүрген кезімде мамандық таңдау бойынша ойлана бастадым. Өзімді сол кезде-ақ құқық қорғау саласының маманы ретінде көре алатынымды бірден шешіп қойғанмын. Себебі, бала кезімде құқық қорғау саласындағы қызметкерлерге қызығып қарайтынмын. Үйдегі әпкелеріме қарағанда кішкене ер мінезді болып өстім. Сол мінезімнен болар, қыз балаларға қарағанда ер балалармен тіл табысып, сөйлесуім де жеңіл болатын. Құқық қорғау саласында қыз-келіншектердің де еңбек еткенін дұрыс көремін. Әрине, қарама-қайшы қиындықтардың барын жасырмаймын. Себебі, бұл салада қызмет еткісі келетін қыз балаларға психологиялық тұрғыдан мықты дайындық керек. Менің тәжірибемде мұндай көмекті өз әкем көрсетті. Ең негізгі талаптардың бірі – физикалық тұрғыдан дайын болу, - дейді Жанерке Шуланбаева.

Қос Жанеркенің айтуынша, жұмыстарында қағазбастылық көп. Алайда, ол екеуі де кез келген мемлекеттік қызметкер болсын, мейлі ол полиция, не дәрігер болсын, барлығы елге адал қызмет етуі тиіс. Бірі елдің тыныштығын ойласа, бірі елдің амандығын ойлайды дейді.

8 наурыз – біз үшін аялуы мереке. Кез келген қыз баласы үшін анасы үлгі болады деп ойлаймыз. Аналарымыз сияқты елдің батасын алған ақ жаулықты ардақты әже болу арманымыз. Жалпы, құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген әйел кісілердің ішінде генерал не жоғарғы шенді қызметтерде аз болуының себебі, олар көбіне қызметтен гөрі бірінші орында отбасыны  қояды. Елдің тыныштығын ойлайтын мұндай аса жауапты қызметтерде ер кісілердің басым болғаны да дұрыс шығар, - дейді Жанеркелер.

Туып-өскен өлкесі болғандықтан екі Жанерке де Созақты мақтан тұтатындарын, барын салып адал қызмет етуге дайын екендіктерін айтты.

Кім өзінің туған өлкесін жаман дейді, барлық ауданда, не ауыл-аймақта тәртіп бұзушылықтар болады. Сол сияқты мұнда да тәртіп бұзушылықтар кездесіп тұрады, бірақ шуы көп деп айта алмаймыз. Жергілікті халықтың құқықтық сауаты жаман емес. Біз жас маманбыз. Сол жастардың қатарында болғандықтан айтарымыз, жалқау болмай елге аянбай қызмет ету, - дейді полицей арулар.

Үлкен Жанерке сиқырлы таяқшам болса жағдайы төмен ауру балаларға көмек берер едім десе, кіші Жанерке қиялыма ерік берер болсам, бірде бір құқық қорғау органы жоқ, аурухананың не екенін білмейтін, тұрғындары қайырымды бейбіт қоғамда өмір сүретін едім деп әңгімелерін аяқтады.
Өзгелердің жаңалығы