Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетау жоғары медициналық колледжін бітірген 133 түлек өңірде коронавирус эпидемиясымен күресіп жатқан дәрігерлер қатарын толықтыруда.
Жас фельдшер, медбике, акушерлер әлі тәжірибе жинақтап үлгермесе де, науқастарға көмек көрсетуге дайын.
Түлектер үш жыл түрлі мамандық бойынша білім жинақтап, дипломдарын алды. Колледжде отандық медицина жүйесіндегі барлық жаңалыққа талдау жасалады. Түлектер бәсекеге қабілетті, медицинадағы жаңа әдіс-тәсілдермен жете таныс болуы тиіс. Былтыр оқу бағдарламасына ДДСҰ қабылдаған балалар ауруларын ықпалдастыру бойынша факультативтік курсы енгізілді. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметі жұмысы да қатар оқытылды. Әрине, эпидемияны ешкім күткен жоқ, пандемияға арнайы дайындық жүргізілмегені белгілі. Соған қарамастан түлектер осындай күрделі жағдайға дайын екендіктерін көрсетті, - дейді Көкшетау жоғары медициналық колледжі директорының орынбасары Гүлмира Махметова.
Ризагүл Жоямергенова диплом алысымен бірден коронавируспен күресудегі ең күрделі учаске – Көкшетау қалалық емханасына жұмысқа тұрған. Күнделікті жұмысы арнайы қорғаныш костюмін, қолғап, көзілдірік киіп, науқастарға қызмет көрсетуден басталады. Айтуынша, ЖРВИ белгісі бар пациенттер көп келеді.
Бастапқыда құжат толтыру, мекен жай бойынша түнге дейін жүретінмін. Өзің қалаған мамандық болғандықтан, шаршағаныңды да тез ұмытады екенсің. Пациентті тексеріп, қажет болған жағдайда, барлық отбасы мүшелеріне рецепт бойынша дәрі-дәрмек жазып беремін. Арнайы пульсоксиметр құралының көмегімен науқастың сатурациясын тексеремін. Қанда оттегі аз болса, жедел жәрдем шақырамын. Кішкентай нәресте немесе мүгедек бала болса, дәрі-дәрмек мөлшерін анықтау үшін педиатрға хабарласамын, - дейді Ризагүл Жоямергенова.
Ақмола облыстық жедел жәрдем стансасы 33 жас маманмен толықтырылмақ. Олардың 11-і әзірге бригада жұмысына көмекші ретінде қызмет етуде.
Бұрын-соңды осыншалықты кадр жетіспеушілігі мәселесі туындаған емес. Тәулігіне Көкшетау қаласы бойынша 300-ге жуық, облыс бойынша мыңға жуық өтініш түседі. Мұның барлығы коронавирус пандемиясымен байланысты. Осындай күрделі кезеңде барлық әріптесімізге оңай соғып жатқан жоқ, - дейді облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Александр Высоцкий.
Қазіргі уақытта медколледж түлектері емханалар, жедел жәрдем, облыстық аурухана, стационарлар, учаскелер мен зертханаларда қатерлі індетпен күресуде. Олардың әрқайсысы жоғары білікті маман болуды армандайды. Көпшілігі оқып жүріп, медициналық мекемелерде қосымша жұмыс істегендіктен, мамандықтың қыр-сырын үйренген.
Пандемия кезінде өңірде дәрігерлер жетіспей жатқанда, диплом алысымен бірден жұмысқа кіріскендердің бірі – Анна Бектемірова. Ол бір айға жуық уақыт облыстық жедел жәрдем стансасында еңбек етуде. 12 сағаттық кезекшілікте ол 15-20 пациентке қызмет көрсетіп үлгереді екен.
Түсетін шақыртулардың дені коронавирус инфекциясымен байланысты. Алдымен пациентпен сауалнама жүргізіледі. КВИ инфекциясымен ауырғандармен байланыста болғаны, басқа қалаға немесе шетелге барған-бармағаны анықталады. Егер қатерлі дерт бойынша күдік расталса, арнайы қорғаныш киімін киеміз, болмаса күнделікті формамызбен қызмет көрсетеміз, - дейді фельдшер.
Бастапқыда шақыртулар бойынша диспетчер болған ол пациенттермен жұмыс істеу қиынға соққанын жасырмайды.
Үрейге бой алдыратын, қоқан-лоқы көрсететін пациенттер аз емес. Кейде фельдшерлер жетіспей, бригада кешігіп жатқанда дөрекілік танытып, әр бес минут сайын қоңырау шалып жатады. Әрине, адамдарды да түсінуге болады, барлығы туғандары, өз денсаулықтары үшін алаңдайды, - дейді Анна Бектемірова.
Көкшетау жоғары медициналық колледжін "Фельдшер", "Медбике ісі" мамандықтары бойынша бітірген 69 түлек қазіргі күні өңірдің түрлі медициналық ұйымдарында еңбек етуде. 64 жас маман 1 тамызға дейін жұмыспен қамтылады деп күтілуде.