Ақмола облысында ковидтік стационарлар саны 3 есеге қысқарды

1 Қазан 2021, 17:41
4513
Бөлісу:
Ақмола облысында ковидтік стационарлар саны 3 есеге қысқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова хабарлады.

Оның айтуынша, пандемия басталғалы бері облыста 34 933 вирус жұқтыру дерегі тіркелген көрінеді.

Олардың ішінде індетке шалдыққандардың 83%-ы биылғы жылға тиесілі. Атап айтқанда, симптомсыз науқастар – 6185 адам немесе 18%-ды құрады. 397 адам қайтыс болды, былтыр 109 адам індеттің құрбаны болған еді, - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ биыл тамыз айында аурушаңдық деңгейі біршама төмендеген. Яғни 0,9%-дан 0,1%-ға немесе тәулігіне 268 жағдайдан 45-ке дейін азайыпты.

Стационарда емделген пациенттер саны 30%-ға қысқарды. Егер шілде айында инфекциялық стационарларға түскендер 1425 адамды құраса, қазіргі таңда 410 адам емделіп жатыр. Ауыр жағдайдағы науқастар – 13. 7 адам өкпені жасанды желдету аппаратының көмегімен тыныстауда, - деді Айна Мысырәлімова.

Сонымен қатар жансақтау бөліміне түскен адамдар саны 50%-ға төмендеген. Мәселен, тамыз айында 115 болса, бүгінгі таңда 57 адам реанимация бөлімшесінде жатыр. Бұл стационарлар санын 3 есеге қысқартуға мүмкіндік берген.

Бүгінде төсек-орын қоры 800 орынды құрайтын 17 инфекциялық стационар індет жұқтырғандарды емдеуде. Тамыз айында 2335 төсек-орынды 24 стационар жұмыс істеген болатын, - деп отыр облыс басшысының орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы