Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды

15 Қазан 2022, 02:17
1312
Бөлісу:
Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды

Бүгін Қызылорда облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында ҚАЖ департаментінің ұйымдастыруымен ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандарды жұмыспен қамту және өндірістік аймаққа шағын орта бизнес кәсіпкерлік субьектілерін тарту бойынша дөңгелек үстел  өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі мәлімдеді.

Дөңгелек үстелге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директорының міндетін атқарушы Г.Елеусінова, Қызылорда облыстық  прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының аға прокуроры М.Алмас,мекеме бастықтары, РМК «Еңбек-Қызылорда» директоры С.Кенжебеков және облыстағы жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік директорлары қатысты.

Жиында жергілікті және шағын орта кәсіпкерлік субьектілерін түзеу мекемесінің өндірістік аймағына өз кәсіптерін ашып, сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. 

Жиынды ашқан Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары әділет подполковнигі Ж.Әбдіқайыров жеке кәсіпкерлерге түзеу мекемелерінде кәсіп ашудың жеңілдіктері мен мүмкіндіктері туралы айтып, өз кәсіптерін мекеменің өндірістік аймағына ашуға шақырды. 

Жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыру арқылы олардың мемлекет, заңды, жеке тұлға алдындағы берешектерін төлеуге ықпал жасаймыз. Бірінші кезекте атқару парақтары бар сотталғандарды жұмысқа орналастырамыз. Осы мәселені шешу үшін біз қолымыздан келгенше тырысып жүрміз, осыған орай мен кәсіпкерлерді әріптестік қарым-қатынас орнатуға шақырамын. Орынжайды жалға алу тиімді шарттармен беріледі. Өндірістік аймақ күзетілетіндіктен қосымша шығын қажет етілмейді. Жұмыс орындарда тәртіп сақталады,- деді әділет подполковнигі Әбдіқайыров.

Басқосуда сөз алған Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директоры міндетін атқарушы Гаухар Ыбрайқызы, бұл сұрақ палатаның назарында болатынына сенім білдіріп, қылмыстық -атқару жүйесі департаментімен кәсіпкерлер арасында байланыс орнату үшін көмек көрсететіндіктерін жеткізді.

Одан соң сөз алған Қызылорда облысы прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының аға прокуроры Махмуд Ақтанұлы кәсіпкерлерді мекеме аумағына шақыра отырып, сотталғандарды жұмыспен қамту олардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, атқару парақтарының өндірілуіне және бостандыққа ертерек шығуына септігін тигізетіндігін айтып өтті. 

Қазіргі таңда  Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37, №60 мекемесіндегі 600-ден астам  сотталған 47 жеке кәсіпкер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (ағаш өнімдері, қолөнер бұйымдары, дәнекерлеу, газоблок,пескоблок, кірпіш өндіру және жылыжайда қияр, қызанақ көкөністерін өсіру, гипстен мүсін жасау) жұмыспен қамтылған

Кездесу соңында жеке кәсіпкерлер еркін түрде пікір алмасып, сала мамандарына сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы