Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сотталғандарды шартты босату жүйесі өзгеруі мүмкін

Бүгiн, 17:03
104
Бөлісу:
 Бауыржан ЖУАСБАЕВ  - архив
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина Астанада өткен халықаралық конференцияда шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны жеңіл түрлерге ауыстыру тетіктеріне жаңа көзқарас қажет екенін айтты, деп хаабрлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, қазіргі рәсімдер сотталғандардың мінез-құлқын бағалауда бірыңғай өлшемдердің жоқтығын және процестің жеткіліксіз ашықтығын көрсетіп отыр.

Бұл – мемлекет өзінің гуманистік қағидаттарын көрсетуге тиіс сала. Адам құқықтары тек ұран емес, күнделікті тәжірибе болуы керек. Сот тағайындаған жаза заңға, әділеттілік принципіне және халықаралық стандарттарға сай болуы қажет, – деді ол.

Рахметуллина атап өткендей, жазаның мақсаты тек оқшаулау ғана емес, сонымен бірге түзету, жаңа құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау. Сондықтан үкім шығару кезінде соттар адамның жеке ерекшеліктерін, денсаулық жай-күйін, отбасылық жағдайын және бостандықтан айыруға балама шараларды қолдану мүмкіндігін ескереді.

Биылғы 11 айда Қазақстанда 27 мыңнан астам адам сотталды, оның 11 мыңы – бас бостандығынан айырылды. Бұл – 41,4%. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3% жоғары. Бұған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапкершіліктің күшеюі, есірткі сату істерінің көбеюі және алаяқтықтың түрлі формаларының артуы әсер етті, – деді спикер.

Мерзімінен бұрын босату мен жазаны жеңілдету рәсімдеріне ашықтық қажет

Жоғарғы Соттың дерегінше, жыл сайын соттар шамамен 10 мың өтінішті – шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, ал 8 мыңнан астам өтінішті – жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл түрге ауыстыруға қатысты қарайды. Өтініш берушілердің басым бөлігі ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандар.

Сот практикасын талдау жүйелі проблемаларды көрсетті. Бізде сотталған адамның түзелу дәрежесін бағалайтын бірыңғай тәсіл жоқ. УДО-ға қатысты Қылмыстық кодекстегі нормаларда да олқылықтар бар. Бостандықты шектеу жазасын өтеп жатқан адамдар үшін мінез-құлықтың нақты критерийлері әлі анықталмаған. Жиі жағдайда зиянды ішінара өтеген кезде жазаға ауыстыруға формалды түрде бас тартамыз. Ал көтермелеу жүйесі әлі де жабық күйінде қалып отыр, – деді Назгүл Рахметуллина.

Соттар Қылмыстық кодекстің 44, 72 және 73-баптарына түзетулер енгізуді және Қылмыстық-атқару кодексін жаңа нормамен толықтыруды ұсынып отыр. Ұсынылып отырған негізгі өзгерістер:

  • сотталғанның оң мінез-құлқын шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды басты шарт ретінде белгілеу;
  • зиянды ішінара өтеген жағдайда, егер сотталған түзелуге нақты қадам жасап жатса, жазаны жеңіл түрге ауыстыруға рұқсат беру;
  • түзелуге ынта танытқан сотталғандарды міндетті түрде көтермелеу.

Сотталғандар көтермелеу жүйесі түсініксіз екеніне жиі шағымданады. Бұл өзгерістер олардың түзелуге және жәбірленушінің құқығын қалпына келтіруге ынтасын арттыруға тиіс, – деді Рахметуллина.

2026 жылдан бастап 50 қатысушысы бар жаңа модель

2026 жылдан бастап Қазақстанда бірегей пилоттық жоба іске қосылады: УДО және жазаны жеңілдету туралы өтініштерді 50 қоғамдық өкілдің қатысуымен қарау көзделіп отыр. Рахметоллинаның сөзінше, бұл қоғам тарапынан бақылауды күшейтеді, шешімдерге деген сенімді арттырады және «кулуарлық шешімдер» туралы күдіктерді азайтады.

Сөзінің соңында ол шартты түрде мерзімінен бұрын босату реформасының табысы ресоциализацияның дамуына, сотталғандардың еңбекпен қамтылуына, психологиялық қолдау мен цифрландыру деңгейінің артуына байланысты екенін атап өтті.

Сотталғанның құқығына құрмет – әлсіздік емес, құқықтық мемлекеттің күшін білдіретін ұстаным. Егер біз заңды бұзған адамның да құқығын қорғай алсақ, онда біз сол заңды шынымен құрметтейміз, – деп қорытындылады Назгүл Рахметуллина.

Өзгелердің жаңалығы