Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақындарынан жырақта болып, жабық мекемеде жазасын өтеп жатқан жазаланушылар үшін онлайн оңтайлы болып отыр.
Еліміздегі эпидемиялық жағдай белең алғалы бері коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың алдын алу мақсатында ЗК-169/1 мекемесі бойынша орасан зор жұмыстар атқарылды. Соның ең бастысы, мекеме аумағында жатқан құқық бұзушылардың денсаулығына қауіп келтірмеу мақсатында жасалған онлайн жүздесулерді ерекше айтуға болады. Карантин режимі енгізгелі жазасын өтеушілердің жақындарымен ұзақ және қысқа мерзімді кездесуі тоқтатылған болатын, - деп хабарлады Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД.Сотталғандарды психологиялық және моральдік жағынан қолдау мақсатында, мекеменің кезекші ғимаратынан арнайы екі бөлме бөлініп, Skype желісі арқылы сотталғандар туыстарымен хабардар болып отырады.
15 минут болса да, жанашыр жақындарымен жүздескен, жазасын өтеушілер,елдегі болып жатқан індеттен, үй-ішіндегілерінің аман-есенін біліп, көңілдегі күдіктерін сейілтеді. Бұндай онлайн жүздесулердің артықшылығы сол, бұрынғы бетпе-бет кездесуде тек ең жақынымен ғана кездессе, Skype желісі арқылы бала-шағасын, ағайындарын да көріп, жүздесіп жатады.
Осы мекемеде 2 жылдан бері жазасын өтеп жатқан Амангелді Орал қаласының тумасы. Амангелдінің отбасы, ағайын- туыс бауырлары Орал қаласында тұрады. Жердің шалғайлығынан бөлек, мынандай жағдайда туыстарының келмесі де анық.
Бірақ онлайн жүздесулер арқылы анам мен бала-шағамның амандығын біліп, бейне бір үйінде болып келгендей, көңілім жайланып қалады, әрі олар да, менің денім сау екенін көріп, көңілдеріне медет тұтады, - дейді Аманкелді.
Ал бүгінгі таңда мекемеде күніне осындай, 20-25 онлайн жүздесулер болып жатыр.