Сот Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын босатпады

24 Шілде 2019, 18:29
2210
Бөлісу:
Сот Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын босатпады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Семей қаласында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын босату жөніндегі өтініші қаралды. 

Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев сотта қорғаушысының денсаулығы нашар екенін және күніне 56 рет дәрі қабылдайтынын жеткізді. 

«Жұмыс барысында оған уран өндіру орындарына барып, адам денсаулығына зиянды химиялық элементтерді көруіне тура келді. ҰҚК ұстағанға дейін Жәкішев артериалдық гипертенцияның үшінші кезеңімен сырқаттанған. Диагностика жасаған неміс дәрігерлері оның тергеу абақтысындағы төрт жылда 24 рет гипертониялық кризисті бастан өткергенін анықтаған. Алайда, іс қағазында бұл жайында мәлімет айтылмады», - дейді адвокат.

Сот бүгін таңертең басталған, алайда сот шешімі кешкі сағат 17.00-де ғана оқылды. Судья Ермек Шымыров Мұхтар Жәкішевтің 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айта келе, сотталушының мерзімінен бұрын босап шыға алмайтынын айтты. 

«Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы ірі уран кен-орындарының мемлекеттік үлесін сатып жіберді деген күдікпен ұсталған. 2010 жылы Жәкішев ысырап ету және пара алу бойынша кінәлі деп табылып, 14 жылға қатаң режимдегі колонияға қамалған.

Өзгелердің жаңалығы